Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында сөз сөйледі

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Құрметті Құрылтай депутаттары,

Үкімет мүшелері!

Қадірлі қауым!

 

Баршаңызға бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуы құтты болсын!

Бүгін еліміз өзінің даму жолында аса маңызды кезеңге аяқ басты. Бұл – мемлекетіміз үшін мән-мағынасы айрықша оқиға, тарихи сәт. Біз ұлт жылнамасының жаңа парағын ашып отырмыз.

Бүгін жалпыұлттық референдум кезінде Қазақстан халқы қолдаған жаңа Конституцияға сәйкес еліміздің бір палаталы заң шығарушы органы – Құрылтай ресми түрде өз жұмысына кіріседі. Бұл – мемлекетіміздің саяси жүйесінің жаңару үдерісі дәл осы күннен бастау алады деген сөз.

Төл тарихымызға зер салсақ, Құрылтайда мемлекеттік маңызы бар мәселелер кеңінен талқыланып, ортақ шешімдер қабылданған. Бұл институттың жаңа кезеңде де жөні бөлек болары анық. Себебі Құрылтай билік жүйесін түбегейлі жаңғыртады, бүкіл мемлекеттік аппараттың жұмысына тың серпін береді. Құрылтай ұлттық заңнама сапасын арттыру арқылы еліміздің құқықтық негізін нығайта түседі.

Осы тарихи миссияны атқару сіздерге жүктеліп отыр. Құрылтайдың бірінші шақырылымының депутаты болу – ең алдымен, ерекше сәт. Бұл – үлкен бақыт деп айтсақ, қате болмас. Осы аса абыройлы атқа сай лайықты қызмет етесіздер деп сенемін!

Азаматтар елімізде жүзеге асып жатқан ауқымды өзгерістерді жаппай қолдауда. Мұны Құрылтай сайлауы айқын аңғартты. Осы науқанға азаматтарымыздың 74 пайыздан астамы қатысып, дауыс берді. Халқымыз ел тағдырына әсер ететін тарихи таңдауын жасады. Жұртымыз бұл іске зор жауапкершілікпен қарап, қоғамымыздың ауызбіршілігін паш етті. Осылайша, ел бірлігінің мызғымас тірегіне айналған «Әралуан пікір – біртұтас ұлт» қағидаты нақты жүзеге асты.

Құрылтай сайлауына шетел азаматтарының қызығушылығы өте жоғары болды. Қазақстанға беделді халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттен 800-ге жуық байқаушы келді. Бұл – ұлттық парламентаризм тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.

Сайлау ашық әрі әділ өтті, өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бүгінде азаматтарымыз саясатқа оң көзбен қарап, қоғамдық істерге белсене араласатын болды. Бұл – жақсы үрдіс. Мұны жұртшылықтың депутаттарға қоятын талабы әрдайым жоғары болады деп түсінген жөн.

Қазіргі заман құр уәденің, жалған сөз бен жалаң ұранның уақыты емес. Біздің қоғам кемелдене бастады. Ел ішінде кәсіби Парламентке деген сұраныс артқанын көріп отырмыз. Құрылтайға білікті мамандардың келуі – осының айқын дәлелі. Әрине, бәсекенің аты – бәсеке. Біреу ұтады, біреу ұтылады. Алайда елімізде өз пікірін білдіруге, өз көзқарасын айтуға неше түрлі тетік бар. Заңымызға сай келетін түрлі мардымды пікірлер, ұсыныстар неғұрлым көп айтылса, елімізге де соғұрлым тиімді болады, нақты пайдасы тиеді.

Жалпы, бұл сайлаудың мәні де, мазмұны да өзгеше болды. Себебі өткен сайлау ең алдымен Қазақстандағы саяси алуандықтың жаңа сапалы деңгейге көтерілгенін байқатты. Партиялар өзінің әлеуетін толық көрсетті. Өз бағдарламасын жұртшылыққа жан-жақты түсіндіріп, жеткізе білді. Науқанға қатысқан барлық партияның ұсыныстары жұртшылықтың назарын аударды, қоғамдық өмірге үлкен серпін берді. Көптеген байқаушылар партиялардың арасында ашық бәсеке болғанын айтты.

Шын мәнінде, әр партияның өз бағдары, ұстанымы және идеологиясы бар. Науқан барысында олардың қоғамдағы рөлі, саяси жүйедегі орны айқындала түсті. Мұны Құрылтай сайлауының негізгі жетістігі деп бағалауға болады. Осындай оң өзгерістердің арқасында Қазақстандағы саяси-қоғамдық мәдениет үнемі дамып, жетіліп отырады.

Болашақта партиялардың билік жүйесіндегі ықпалы да күшейе түседі. Әр науқан сайын олардың рөлі арта бермек. Сондықтан партиялар алған бағыттарынан таймай, сайлаушылармен жұмысты жалғастыра беруі керек. Сонда ғана саяси ұйымдардың беделі күшейе түседі.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, партиялар ұсынған бағдарламалардың мазмұнына ерекше тоқталғым келеді. Бұл құжаттарда тың идеялар, тиімді ұсыныстар бар. Оның бәрі де алдағы жұмыс барысында мұқият сараланады. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін ең ұтымды шешімдер Үкіметтің жұмысында ескерілуге тиіс.

Сайлауда «Әділет» партиясы басым дауыспен жеңіске жетіп, Құрылтайда конституциялық көпшілікті құрап отыр. Сондықтан «Әділет» партиясына қойылатын талап та, артылатын үміт те, сенім де аса жоғары. Осы орайда, қоғамды ортақ мүддеге ұйыстырып, реформалардың қозғаушы күші болу өте маңызды. Бұл міндет ойдағыдай орындалады деп сенемін.

Жалпы, Құрылтайдың алғашқы құрамына айрықша жауапкершілік жүктеледі. Депутаттар халықтың аманатына адал болып, мемлекет мүддесіне қызмет етуі керек. Бұл – анық ақиқат. Мұны ешқашан естен шығармау қажет.

Қазіргі таңда еліміз дамудың даңғыл жолына түсті. Қазақстан жаңа өрлеу кезеңіне қадам басты. Биыл еліміздің болашағы үшін мән-маңызы зор көптеген тарихи оқиғалар болды. Халқымыз аз уақыт ішінде бір ұлт болып көп жұмыс атқарды. Елімізде жалпыұлттық референдум арқылы ауқымды конституциялық реформа табысты жүзеге асырылды. Осылайша, біз нағыз Халық Конституциясын қабылдадық.

Жаңа Конституцияның өз күшіне енуін төл тарихымыздағы аса маңызды бетбұрыс деп бағалауға болады. Соның нәтижесінде өсіп-өркендеуімізге жол ашатын мықты заңды негіз қалыптасты. Қазіргі заманның сын-қатерлеріне төтеп бере алатын мүлде жаңа саяси-құқықтық жүйенің іргетасы қаланды. Бұл жүйе мемлекет құрылымын толық жаңғыртып, билік институттарының тиімділігін арттырады, сондай-ақ, азаматтарымыздың ел басқару ісіне атсалысуына нақты мүмкіндік береді.

Реформаның арқасында тарихи тамыры тереңде жатқан Құрылтай ұғымы қайта жаңғырды. Ата-бабамыз ел тағдыры шешілетін сындарлы сәттерде Құрылтай шақырған. Мысалы, Талас құрылтайы алып империя – Алтын орданың құрылуына себепкер болды. Ал Ордабасы құрылтайы қиын-қыстау кезеңде барша қазақты бір байрақтың астына жинады.

Бұл ұғым Ұлы даладағы парламентаризм институтының жылнамасы тереңде екенін айғақтайды. Сондықтан заң шығарушы органға Құрылтай деген атау бердік. Бұл – өткенді көксеу емес. Бұл – тарихи сабақтастықты сақтау, саяси дәстүрді заманауи басқару жүйесімен ұштастыру деген сөз. Құрылтай ұғымы халқымыздың өткенін, бірегей болмысын және жарқын болашаққа деген ұмтылысын айшықтайды.

Біз өскелең ұрпақтың игілігі үшін ынтымағы жарасқан, Заң мен тәртіп үстемдік құрған Әділетті, Қауіпсіз, Таза және Күшті Қазақстанды құрып жатырмыз. Алда ауқымды жұмыс күтіп тұр. Сіздер осы миссияны іске асыруға белсене атсалысып, ең алдымен ұлттың, жалпы халықтың мүддесіне адал қызмет етесіздер деп сенемін.

 

Қымбатты отандастар!

Құрметті жиынға қатысушылар!

Әлемдегі оқиғалар тасыған селдей жүйесіз, бейберекет сипатқа ие, алдымызда не боларын болжаудың өзі қиын. Бұл катаклизмдерден елдер мен халықтардың ешбірі тыс қалған жоқ. Мемлекеттердің, әсіресе ірі елдердің арасындағы сенімге селкеу түсті. Бұл БҰҰ мен оның институттарының қызметіне зардабын тигізуде. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі жаһандағы және аймақтардағы бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау миссиясын атқара алмай отыр.

Осы аласапыранда өңірлік халықаралық ұйымдар алға шығып, олардың рөлі айтарлықтай артты. Әлемдік аренада «Орта державалар» деп аталатын мемлекеттер бой көрсете бастады. Қазақстан да аталған санатқа кіреді.

Сонымен қатар тұрлаусыз әлемде салыстырмалы түрде жаңа үдеріс белең алды. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект қарыштап дамуда. Бұл үдерістің түптің түбінде қайда апарып соғары беймәлім, тіпті, қазіргі нәтижелердің өзі екіұдай пікір тудырады. Кейде мұны осы технологияны ойлап табатындар да түсіне бермейді.

Мәселен, таяу келешекте ядролық қарудың орнын жасанды интеллект құралдары алмастыруы мүмкін деген болжам айтылды. Мұның бәрі әлемнің дамуы заңдылық пен қисыннан ада екенін көрсетеді. Ал оның зардабын келешек ұрпақ тартады.

Әлемде жаңа тәртіп қалыптасып жатыр. Ол кереғар сипатқа ие: бір жағынан – қауіпті, зиянды, келешегі бұлыңғыр, ал екінші жағынан – ілгері, технологиялық, перспективті әрі адамзат тарихындағы елеулі бетбұрыс саналады.

Мұндай жағдайда экономика, ғылым, әскери-дипломатия салаларында өзінің егемендігін нақты іспен қорғап, нығайтуға қауқарлы, ең маңыздысы, адам әлеуетін дамытатын мемлекеттер ғана жаңа дәуірге бейімделетіні баршаға түсінікті.

Дәл осы себепті мемлекетімізді жан-жақты жаңғырту стратегиялық тұрғыдан маңызды. Мақтангершілік емес, әділін айтсақ, біз жүргізіп жатқан ауқымды реформалардың қарқыны алдағы уақытта үдей түспесе, бәсеңдемейді. Қарапайым тілмен айтқанда, артқа шегінер жол жоқ. Бұл – елеулі жетістік.

Қазақ елінде жүргізіліп жатқан реформалардың күн тәртібінде қазіргі, тіпті келешектегі ықтимал жаһандық сын-қатерлер мейлінше ескерілген. Бұл – аса маңызды. Басқаша айтқанда, сол сынақтарды еңсеру үшін алдын алу шаралары қабылданады.

Экономикада іргелі реформалар қолға алынды. Азаматтардың әл-ауқатын арттыру басты міндет ретінде белгіленді. Индустрияландыру қарқын алып, экономиканың жаңа өндірістік негізі айқындалып келеді.

Мемлекет және шетелдік инвесторлар құйған қомақты қаржының нәтижесінде барлық өңірде жаңа өндіріс нысандары мен мыңдаған жұмыс орны ашылып жатыр.

Қазақстанда халық тұрмысы мен экономикалық өсім үшін аса қажетті коммуналдық, көлік, энергетика және су инфрақұрылымдарын жаңғырту үдерісі басталды.

Сіздер, депутаттар, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары кезінде ел ішін аралап, Қазақстанның бірте-бірте алып құрылыс алаңына айналып келе жатқанына куә болдыңыздар. Алайда үлкен құрылысқа қомақты инвестиция қажет. Мемлекет те бұдан тыс қалмауға тиіс.

Әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан ұзақмерзімді пайдасы бар стратегиялық маңызды жобаларды қаржыландыру, соның ішінде Ұлттық қордан қаржы бөлу жоспарланып отыр. Қаражат оңды-солды, мақсатсыз жұмсалмайды. Мұндай қауесетті еш нәрседен хабарсыз, ниеті теріс адамдар таратады.

Кез келген қордың, әсіресе, Ұлттық қордың тиімділігі, ең алдымен, келер ұрпақтың игілігі жолындағы зор табысқа, нақты нәтижеге қол жеткізумен өлшенеді.

Ұлттық қордың пайдасын балаларымыз көріп отыр. Олардың есепшотына қомақты қаражат аударылып жатыр (Жақында ұстаздар алдында сөйлеген сөзімде оның мөлшерін айттым). Келешекте өскелең ұрпаққа қызмет ететін заманауи, сапалы инфрақұрылымды дамытуымыз керек.

Басқаша айтқанда, еліміздің алдағы ондаған жылдар, тіпті ғасырлар бойы дамуына берік негіз қаланады. Мемлекетіміздің іргесі де осы игі істердің арқасында беки түседі. Бұл мәселеге Қазақстан халқына арнаған Жолдауымда кеңірек тоқталамын.

Біздің қалағанымыздай жедел болмаса да, еліміз ғылымды, озық цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні дамытуға ден қойып, инновациялық өркендеу жолына бағыт алды.

Біз әлеуметтік мемлекет ретінде азаматтардың әлеуетін арттыруға әрдайым баса мән береміз. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және креативті индустрия саласын жан-жақты дамытуға айрықша назар аударамыз. Мемлекет мақсатшыл, табанды, еңбекқор адамдарға әрдайым қолайлы жағдай жасайды.

Біз жастарға еңбек пен тәртіптің қаншалықты маңызды екенін түсіндіруіміз керек. Себебі, бұл – табысқа жетудің көзі. Азаматтарымыз жаңа дәуірде құқықтық сауатсыздық, әлеуметтік масылдық, жөнсіз сөз бен орынсыз сынның еш пайдасы жоқ екенін білуі қажет. Мұның бәрі – еліміздің өсіп-өркендеуіне бөгет болатын кедергілер.

Салиқалы ұлттық сана-сезімді қалыптастыру ісіне айрықша мән беру керек. Мен бұл туралы Тамыз конференциясында арнайы айттым. Енді осы мәселеге Құрылтай қабырғасында қайта оралғанды жөн көріп отырмын. Ұлттың жадын күмәнді деректермен, бұрмаланған мәліметтермен улауға болмайды. Мұндай әрекет өткен күнге деген сенімді, келешекке деген үмітті әлсіретеді.

Біздің төл тарихымыз бен әдебиетіміз шет-шегі жоқ нәубет пен азапқа толы жылдардың жылнамасы емес. Әрине, біз өз тарихымыздағы қиын-қыстау кезеңдерді ешқашан ұмытпаймыз. Алайда халқымыздың басынан өткен қайғы-қасіретті ұлттық болмысымыздың арқауы етуге болмайды. Себебі ұлт тарихы тек жеңіліс пен сәтсіздіктерден тұрмайды, төл шежіремізде жарқын жеңістер мен жетістіктер аз болған жоқ.

Сондықтан жалпы әлем тарихына, басқа халықтардың тарихымен қатар, өз тарихымызға да үстірт және жеңіл-желпі, біржақты қарауға болмайды. Тарих өкпе-ренішпен емес, ұлт мүддесін көздеген шынайы көзқараспен жазылуға тиіс. Бұл – ең алдымен өскелең ұрпақ үшін қажет дүние. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарымыз мұны жақсы түсінеді деп ойлаймын.

Бүгінде еліміздегі қоғамдық өмірдің барлық саласы реформаланып, бірегей инновациялық стандарттар мен тәсілдер қолданылуда. Мемлекеттік институттар мен экономикада ғана емес, ең маңыздысы, азаматтық сана-сезім мен ұлт менталитетінде байыпты әрі ауқымды жаңғыру үрдісі жүріп жатыр.

Соғыстан, дағдарыстан және қырғи-қабақ қатынастан көз ашпаған қазіргі әлемде мұндай жүйелі қоғамдық трансформацияның өзін бірегей тәжірибе деп атауға болады. Бірде-бір аймақта мұндай үлгі етер мысал жоқ.

Қазақстан түбегейлі реформа жолына түсті, көзге айқын көрінетін өзгерістер жүріп жатқан елге айналды деп толық сеніммен айта аламыз.

Осы жаңғыру жолынан жаңылмай, қол жеткізген нәтижелерді орнықтыру үшін ұлтымыздың тарихи дамуындағы негізгі аспектілерге қатысты ұстанымымыз бен көзқарасымызды өзгерткен жөн.

Қоғамымыз аңыздарға емес, шынайылыққа арқа сүйеуі керек. Ескілікті аңсамай, алға қарай ұмтылып, ғылымды дамытуға ден қоюға тиіс. Ауызымен орақ орғандар емес, істің адамы бағалануы қажет. Жалғандыққа жаны қас, шындыққа жақ халық болғанымыз жөн. Бұл аса маңызды қағидаттар келешек ұрпақ идеологиясының өзегіне айналуға тиіс. Ынтымағы мен бірлігі жарасқан халқымыз тарихта талай сынаққа қасқайып қарсы тұрды. Енді өзінің күш-қуатын даму көкжиегін кеңейтуге жұмылдырса деген тілек бар. Жасампаздық пен еңбек қана мұратымызға жеткізеді.

Баршаңыз әлемдегі ахуалдың аса күрделі екенін, болжауға келмейтінін көріп-біліп отырсыздар. Өзара сенім жоғалған, тұрақсыздық белең алған мұндай алмағайып кезде Қазақстанның халықаралық беделі биік тұрғанын айрықша атап өткен жөн.

Жаһан елдері, соның ішінде әлемдік саясатта ықпалы зор мемлекеттердің өзі біздің пікірімізге құлақ асады. Бұл – өте маңызды. Біз ұлттық мүддемізді бәрінен биік қоя отырып, елімізге тән бейбітшілік, өзара достық пен тиімді серіктестік құндылықтарын күллі әлемге табанды түрде дәріптей береміз.

Түптеп келгенде, ұлт болып ұйыса алмасақ, азаматтарымыз ортақ іске жұмылмаса, осы жетістіктердің ешқайсысы да болмас еді. Еліміздің басты қуаты, яғни, стратегиялық басымдығы – халықтың мызғымас бірлігінде және жасампаз рухында.

Біз озық ел ретінде биік мақсаттарға ұмтылуымыз керек. Ұсақ-түйек, кертартпа әңгімелерге, әлеуметтік енжарлыққа ұрынбай, әрқашан алға үмітпен, сеніммен қарауымыз қажет. Біздің нақты жоспарымыз бар, бағдарымыз да – айқын. Тек өзімізге сеніп, табанды жұмыс істеуіміз керек.

Біз ұлттық сана-сезімді қалыптастыру ісіне баса назар аударатын болдық, бұл жұмыс өз жалғасын табады. Бұл – ең алдымен, төл шежіремізді тұтас тану және оны жұрт жадында жаңғырту деген сөз. Тарих – ұлттың темірқазығы, халқымыздың баға жетпес қазынасы. Оны жалған намыс пен даңғаза мақтан үшін бұрмалау жақсылық әкелмейді.

Жігерімізді жасытып, кешегі күнге өкпе арта берсек, өскелең ұрпаққа қандай тәрбие береміз?! Біздің төл тарихымыз – қазіргі және келешек ұрпақтар мақтан тұтарлық бірегей жылнама. Себебі, қазақ халқы – сан түрлі сынақтан, небір нәубеттен аман өтіп, қайсарлығын да, қаһармандығын да паш еткен халық. Санасы сергек, ойы азат ұлт өткен күннен сабақ алады, өткен тарихын биікке көтереді және әрдайым алға ұмтылады.

Әсіресе, қазір еліміз жаңа тарихи өрлеу кезеңіне қадам басып жатқан кезде бұл ұстаным айрықша маңызды. Біз жасампаз ұлт ретінде ақиқат пен аңыздың, шындық пен өтіріктің ара жігін ажыратып, жағымсыз кеселдерден біржола арылуымыз керек. Кезінде Ұлы Абай айтқан «бес дұшпаннан», әсіресе, өнбейтін дау-дамайдан, бос сөз бен құр мақтанудан аулақ болғанымыз жөн. Ең алдымен, білім мен ғылымға жүгініп, нақты іспен айналысуымыз қажет. Онсыз әлем өркениетіне ілесе алмай, көш соңында қалып қоюымыз мүмкін. Бірақ біз бұған жол бермейміз.

Төл тарихымызды тар жол, тайғақ кешсе де, алған бетінен қайтпаған, еңсесін тік ұстап, ел мүддесіне қалтқысыз қызмет еткен тұлғалар жазды. Олар ұлтымыздың көшін алға бастады. Елімізді көркейтеміз десек, осындай ұлт перзенттерінің өмірін, ұстанымдарын үлгі-өнеге етуіміз керек. «Ондай болмақ қайда» деп, қол қусырып отыру – қаһарман жұртымызға тән қасиет емес. Рухы биік, жігері мықты адамдар өз отбасы мен қастерлі Отаны алдындағы жауапкершілікті терең сезінеді, ел игілігі үшін адал еңбек етеді. Өмірде табысты, қоғамда сыйлы болады. Шынайы отаншылдық дегеніміз де – осы.

 

Құрметті депутаттар!

Құрылтай жұмысының басталуы мемлекеттік басқару жүйесіндегі іргелі институционалдық өзгерістерге жол ашады. Себебі Құрылтай билік жүйесін қалыптастыру ісінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, Конституциялық сот судьялары, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері Құрылтайдың келісімімен тағайындалады. Депутаттар Президенттің ұсынуы бойынша Жоғарғы сот судьяларын сайлайды және қызметінен босата алады. Құрылтайға Конституциялық сот пен Жоғарғы сот судьяларын, сондай-ақ, депутаттарды құқықтық иммунитеттен айыру құзыреті берілген. Құрылтай Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджет туралы есептерін бекітеді, Конституциялық соттың жыл сайынғы жолдауын тыңдайды. Бұдан бөлек, депутаттар Үкіметке сенімсіздік білдіруге, Президентке Үкіметтің жекелеген мүшелерін қызметтен босату туралы ұсыныс білдіруге құқылы.

Бір сөзбен, Құрылтайға атқарушы және сот билігін қалыптастыруға, ел тағдырын айқындайтын стратегиялық маңызы бар мәселелерді шешуге қатысты аса ауқымды құзырет берілді. Біз, осылайша, заң шығарушы органның ықпалын едәуір күшейттік. Бұл – билік тармақтары арасындағы өзара теңгерім жүйесі нығая түседі деген сөз.

Жалпы, мемлекеттік және қоғамдық институттарды жүйелі түрде жаңғырту жұмысы жыл соңына дейін жалғасатын болады.

Енді мен Құрылтайдың алдында тұрған бірқатар маңызды міндеттерге тоқталып өтейін.

Бірінші. Жаңа Конституция нормаларын ескере отырып, еліміздің заңнамасына түзетулер енгізу қажет.

Жаңа конституциялық жүйеге өту барысында бұрынғы Парламент негізгі билік институттарының қызметін қамтамасыз ететін бірқатар маңызды заңдарды қабылдады. Енді Құрылтай әр салаға қатысты заңнаманы мұқият саралап, олардың Конституция қағидаттарына сай болуын қарауы керек.

Екінші. Құрылтай заң шығару үдерісінің тұрақтылығы мен сапасын қамтамасыз етуі керек.

Бұған дейін Сенат Мәжіліс қабылдаған заңдардың Конституцияға сәйкестігін, құқықтық тұрғыдан дұрыстығын, нормалардың өзара үйлесімділігін тексеріп отырды. Бұл жұмысты жандандыру қажет.

Заң шығару – аса жауапты жұмыс. Заңдарымыз әділетті, халыққа түсінікті әрі озық, яғни заман талабына сай болуы керек. Себебі заң мемлекеттегі әр азаматтың тағдырына, өміріне әсер етеді. Сондықтан заңның әр нормасы, әр тармағы тыңғылықты қаралып, жан-жақты талқылануы қажет.

Заң шығару қызметінің сапасын арттыру және жемқорлыққа себеп болатын жағдайлардың алдын алу үшін жасанды интеллектіні кеңінен қолдануға болады. Әрине, озық технологиялар кәсіби құқықтық сараптаманы алмастыра алмайды. Алайда технологияны сауатты пайдалану арқылы талдау жұмысының тиімділігін арттыруға болады. Депутаттар осы мүмкіндікті ұтымды қолдануы керек.

Қазіргі таңда менің бастамаммен «Е-Parliament» ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр. Бұл жүйе түйткілдерді заң арқылы алдын ала реттеуге мүмкіндік береді. Басты мақсат – цифрлық қызметтерді бір жерге тоғыстыру. Құзырлы органдар депутаттармен бірлесіп, осы платформаны Құрылтай қызметіне тезірек бейімдеуі қажет.

Еліміз үшін аса маңызды заң жобаларын сарапшылармен бірге жан-жақты талқылау керек. Бұл істе қағазбастылық пен салғырттыққа жол беруге болмайды. Құрылтай қоғамдағы өзекті мәселелерге дер кезінде үн қататын жалпыұлттық диалог алаңына айналуы қажет. Депутаттардың қызметі заңдылық, ашықтық, өзара сыйластық, пікір алуандығы қағидаттарына негізделуге тиіс.

Үшінші. Депутаттар бірінші сессияда бірқатар маңызды заңдарды қабылдауы қажет.

Мен осы жылы жасанды интеллектіні орта білім беру саласына енгізу, цифрлық активтер индустриясын дамыту, Digital Qazaqstan стратегиясы туралы бірқатар Жарлық шығардым. Үкімет осы бағыттар бойынша қажетті заң жобаларын әзірлеп, Парламентке ұсынады.

Тағы бір мәселе. Біз елімізге кәсіби тұрғыдан жоғары білікті мамандарды, заманауи технологияларды және шетел капиталын көптеп тарту үшін жүйелі шаралар қабылдап жатырмыз. Бұл іске тың серпін беру үшін «Алтын визаны» енгізудің маңызы зор. Сонымен қатар еліміздің көші-қон саясатын жетілдіру қажет. Үкімет тиісті заң жобасын Құрылтайға жолдауы керек. Депутаттарымыз оны тезірек қарағаны жөн болар. Биыл Үкімет «Кітапхана және баспа ісі туралы» заң жобасын да әзірлеп, Құрылтайға енгізуі қажет. Бұл – ұлтымыздың зияткерлік әлеуетін нығайту үшін қажетті құжат.

Бұдан бөлек, мен таяуда «Шәмші Қалдаяқов» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағын енгізу жөнінде тапсырма бердім. Бұл мәртебелі марапаттар ұлт мәдениетіне қалтқысыз қызмет етіп, соның ішінде музыка және бейнелеу өнерін дамытуға елеулі үлес қосқан азаматтарға беріледі. Енді осы бастаманың заңнамалық негізін қалыптастыру қажет.

Бұдан бөлек, Құрылтай қос палаталы Парламенттің депутаттары қарап үлгермеген бірқатар заң жобасын қабылдауға тиіс. Ерекше қажеттілігі бар балаларды жан-жақты қолдау жөніндегі заңға баса назар аудару қажет. Мен осы мәселе жөнінде Ұлттық құрылтайдың Бурабайдағы отырысында айттым. Біз ерекше қажеттілігі бар балаларға көрсетілетін атаулы қолдаудың тиімді жүйесін құруымыз керек. Олардың толыққанды білім алуына жағдай жасау қажет. Әсіресе, медициналық және әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру керек. Осындай балаларға арналған орталықтарды әр облыстың және үлкен аудандардың қалаларында салу қажет. Демеушілер де осы маңызды іс-шараға қатысады деп сенемін. Мемлекет шын мұқтаж жандарға әрдайым қолдау көрсетуі керек. Бұл – мен үшін тұрақты ұстаным.

Жалпы, біз өскелең ұрпақтың қолайлы және, ең бастысы, қауіпсіз ортада өмір сүруі үшін барынша жағдай жасауымыз керек. Осы орайда, Үкімет 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне заң арқылы тыйым салуды ұсынып отыр. Бұл мәселеге таяуда өткен Тамыз конференциясында арнайы тоқталып өттім. Мұндай шара әлемнің көптеген елінде қабылданып жатыр. Мен мұны қолдаймын. Осы жұмысқа баса назар аудару қажет деп санаймын. Бірақ тиісті заңды қабылдасақ, оны толығымен жүзеге асыру мәселесін ойлауымыз керек, себебі, қауқарсыз заң ешкімге қажет емес.

Энергетика саласының технологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге, баламалы энергия көздерін дамытуға мүмкіндік беретін заң жобаларын да тездетіп қарастыру маңызды. Сондай-ақ онлайн-платформалар мен масс-медиа мәселесіне қатысты заңдарға айрықша назар аудару керек. Ақпарат кеңістігінде азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін қосымша шаралар қабылдау қажет.

Түптеп келгенде, Құрылтай еліміздің заңнамаларын заман талабына сай жаңғыртуы керек. Ұлттық мүддені, жұртшылықты толғандыратын мәселелерді және қазіргі әлемдік үрдістерді ескере отырып, бұл жұмысты жедел әрі сапалы атқарған жөн.

Біз қазір қоғамда жаңа құндылықтарды орнықтырып жатырмыз. Бұл – күрделі, асқан ұқыптылықты талап ететін өте қажетті жұмыс. Жаңа этиканы қалыптастыру ісі ел алдындағы азаматтардың, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің жүріс-тұрысына, мінез-құлқына байланысты екені сөзсіз. Қоғамдық орындарда келеңсіз, жөнсіз әрекеттерге жол бермеу қажет. Депутаттар заң қабылдаумен қатар, жаңа қоғамдық этиканы дәріптеуге үлес қосуға тиіс. Бұл да – ұлттық мүддеге тікелей қатысы бар маңызды мәселе.

Жалпы, жұртымыз елдегі реформалардың қаншалықты нәтижелі болғанын, ең алдымен, сіздердің қызметтеріңізге қарап бағалайды. Бұрынғы Парламентпен салыстырғанда, Құрылтайдың құрамында әйелдер мен жастардың үлесі едәуір өсті. Ауқымды өзгерістер мемлекеттік басқару ісіне, әсіресе, жаңа буынның, яғни, жігерлі, отаншыл, еңбекқор жастардың келуіне себепші болды. Әкімдер құрамында, мемлекеттік мекемелерде, бизнесте жас буын өкілдері алдыңғы қатарға шыға бастады. Бұл – біз жүргізген реформалардың аса маңызды нәтижесі. Ашығын айтсақ, институционалдық өзгерістердің түпкі мақсаты да – биліктің барлық тармағындағы кадрларды жаңарту, яғни саясатқа жаңашыл, жасампаз адамдарды әкелу. Қазіргі заманда жаттанды шешім, ескірген көзқарас, жалаң популизм ешкімге керек емес.

Бізге жауапкершіліктен қашпайтын, батыл, белсенді, білімді басшылар, нақты өзгеріс жасай білетін азаматтар қажет. Келер ұрпақ кейбір кемшілігімізге түсіністікпен қарайтын да шығар. Себебі жұмыс қателіксіз болмайды. Бірақ біз реформаларды аяғына дейін жеткізбей, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы тарихи мүмкіндікті мүлт жіберсек, олар бізді ешқашан кешірмейді.

Қазіргідей көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқан заманда бейқам, жасық әрі жауапсыз болсақ, тығырыққа тап боламыз. Еліміздің ертеңі әрбір депутаттың ынта-ықыласына, қажыр-қайратына және отаншылдығына байланысты екені сөзсіз. Сіздер – түрлі қызметте табысқа жетіп, мол тәжірибе жинаған білікті мамансыздар. Өздеріңізді жауапты, жұртқа жанашыр, бастамашыл азамат ретінде танытып келесіздер. Енді осы тәжірибені ел игілігіне жаратып, Қазақстанды дамыту үшін табанды еңбек етесіздер деп сенемін.

 

Құрметті депутаттар!

Құрылтайдың бірінші шақырылымы – ел дамуының жаңа белесі. Халық сіздерге зор сенім артып отыр. Енді сол сенімді ақтап, қоғамға пайдасы тиетін шаруамен айналысу қажет. Әрбір шешім елдің тағдырына, мемлекеттің болашағына тікелей ықпал етеді. Сондықтан әр қадам байыппен жасалуға тиіс. Жеке бастың мүддесі емес, елдің мүддесі басты орында тұруы керек.

Құрылтай мемлекет пен халықтың арасында дәнекер болып, ұлтымызды ортақ іске ұйыстыруы қажет. Қазақстан парламентаризмін дамытуға елеулі еңбек сіңірген заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Ең басты игілік – бірлік» деген тамаша сөзі бар. Шын мәнінде, біз ырысты ынтымағымыздың арқасында мемлекеттігіміздің тұғырын нығайтып, нық сеніммен алға қадам басып келеміз. Береке бірлік бар жерге ғана тұрақтайды. Ауызбіршілігімізді сақтай білсек, әлі талай белесті бағындырамыз. Барлық мақсат-мұратымызға жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін.

 

Қадірлі қауым!

Жоғарыда атап өттім, жаңа Конституцияға сәйкес билік институттарын жасақтау жұмысын бастау үшін біз бірқатар рәсімді өткізуіміз керек. Ең алдымен, Құрылтайдың басшылық құрамын сайлап, құрылымын қалыптастыру қажет. Өздеріңізге мәлім, Конституцияның 57-бабына сәйкес, Құрылтай Төрағасының лауазымына кандидатураны Президент ұсынады.

Мен жауапкершілігі зор бұл лауазымға Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын ұсынамын.

Сіздер бұл тұлғаны жақсы білесіздер. Ол мемлекеттік басқару жүйесінде көп жыл қызмет етті. Тәжірибесі мол деп айтуға болады. Өзінің білімді, отаншыл, адал азамат екенін нақты істерімен дәлелдеді. Сондықтан оны осы лауазымға лайық деп санаймын. Құрылтай депутаттарынан Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын қолдауды сұраймын.

Ата заңға сәйкес, Үкімет жаңадан сайланған Құрылтай алдында өз өкілеттігін тоқтатады. Сондықтан Құрылтайдың құрылымы жасақталған соң мен өздеріңізге Вице-Президенттің және Премьер-Министрдің кандидатуралары бойынша ұсыныс енгіземін.

Содан кейін сіздермен ақылдасып, Үкімет мүшелерін тағайындаймын. Сонымен қатар жаңа лауазымды – Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасарын тағайындаймын. Құрылтай мен Үкімет құрамы толық айқындалған соң жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауымды жариялаймын. Жолдауда көтерілген барлық бастаманы атқарушы және заң шығарушы билік өкілдері бірлесіп, уақтылы әрі сапалы жүзеге асыруға тиіс. Лауазымды тұлғалардың бәрі, әсіресе, қызметіне енді кірісетін азаматтар алдымызда тұрған ортақ мақсат-міндеттерді білуі керек.

Қыркүйектің екінші жартысында Халық Кеңесі жасақталады. Бұл – Қазақстан тарихындағы тұңғыш жоғары консультативтік орган. Еліміздің этникалық, аймақтық, әлеуметтік, қоғамдық-саяси ерекшеліктерін бір арнаға тоғыстыратын жаңа құрылым заңнамалық бастама көтеру құқығына ие болады. Шын мәнінде, бұл бірегей орган. Осылайша, қысқа уақыттың ішінде биліктің барлық негізгі институттары жаңғырып, алдағы реформаларға тың серпін береді.

Нағыз отаншыл азамат үшін өз халқына адал қызмет етуден асқан бақыт жоқ. Ұлт мүддесі бәрінен биік тұруға тиіс. Әділетті, Күшті Қазақстанды құру – баршамызға ортақ міндет. Ел аманатына адал болу – парыз. Сіздер осы жолда табанды еңбек етесіздер деп сенемін. Құрылтай жұмысына табыс тілеймін! Қастерлі Отанымыз өсіп-өркендей берсін! Қазақстан Республикасы жасасын!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-kostanai-michurin/press/news/details/1281945?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді