Қазақстан ТЖМ және «Теңіз Жасағы» АҚ делегациясы Эстония мен Финляндиядағы Lamor өндірістік алаңдарына барды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

  Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі мен «Теңіз Жасағы» АҚ делегациясы мұнайдың авариялық төгілуін жоюға (МАТЖ) арналған көпфункционалды кемелерді салу жобасын іске асыру аясында Lamor Corporation халықаралық компаниясының басшылығымен жұмыс кездесулерін өткізді.

  Қазақстан тарапынан барған өкілдер кемелердің құрылысының ағымдағы барысымен, техникалық шешімдермен және орнатылған жабдықтармен танысты. Сонымен қатар мамандандырылған міндеттерді орындауға арналған негізгі жүйелер мен кешендердің дайындығын тексерді.

  Жаңа кемелер Каспий теңізінің Қазақстан секторында мұнайдың авариялық төгілуін жою, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу, өрт сөндіру және теңіздегі төтенше жағдайларға жедел ден қоюды қоса алғанда, кең ауқымды міндеттерді орындауға арналған. Кемелер су бетіндегі мұнай өнімдерін жинауға арналған мамандандырылған жабдықпен, оның ішінде заманауи мұнай жинағыш скиммерлермен, өрт сөндіру жүйелерімен және авариялық-құтқару жабдықтарымен жарақтандырылады.

  Негізгі технологиялық шешімдердің бірі Lamor компаниясы патенттеген мұнай жинауға арналған кеменің тұмсық жүйесі болып табылады. Ол кеме қозғалысы кезінде ластанған мұнайды тікелей су бетінен жинауға мүмкіндік береді. Бұл технологияларды қолдану мұнайдың авариялық төгілуін оқшаулау және оның салдарын жою жұмыстарын тиімді әрі жедел жүргізуге мүмкіндік береді.

  Сондай-ақ Финляндияның Порвоо қаласындағы Lamor Corporation компаниясының бас кеңсесінде ТЖМ және «Теңіз Жасағы» АҚ делегациясы компания басшылығымен жұмыс кездесуін өткізді. Кездесу барысында тараптар жобаның іске асырылу барысын, салынып жатқан кемелердің жиынтықталуы мен жабдықталуына қатысты мәселелерді және одан әрі ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын талқылады.

  Делегация Lamor компаниясының зауыттары мен қойма кешендеріне барып, Қазақстанға жеткізілетін кемелерге орнатылатын жабдықтармен танысты. Компания мамандары жабдықтардың жұмыс істеу принципін, өндіріс ерекшеліктерін және мұнайдың авариялық төгілуін жою операциялары кезіндегі техникалық мүмкіндіктерін көрсетті.

  Кездесуге Қазақстан Республикасының Финляндия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Азамат Абдраимовтың қатысуы маңызды оқиға болды. Бұл теңіз және экологиялық қауіпсіздік саласындағы екіжақты өзара іс-қимыл мен халықаралық ынтымақтастықты дамытудың маңызын айқындады.

  «Теңіз Жасағы» АҚ мен Lamor компаниясы арасында мұнайдың авариялық төгілуіне ден қою, заманауи технологияларды енгізу және кәсіби тәжірибе алмасу салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған өзара ынтымақтастық туралы меморандум қолданыста.

  Өткізілген кездесулер тараптардың ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін көрсетті. Алдағы уақытта Қазақстан мен Lamor арасындағы өзара іс-қимыл озық халықаралық технологияларды қолдану аясын кеңейтуге, теңіздегі ұлттық ден қою жүйесінің техникалық әлеуетін нығайтуға және Каспий теңізіндегі төтенше жағдайларға жедел әрекет ету дайындығын арттыруға мүмкіндік береді.

  Мұнайдың авариялық төгілуін жоюға арналған мамандандырылған жүйелермен, авариялық-құтқару және өрт сөндіру жабдықтарымен жарақтандырылған заманауи көпфункционалды кемелерді жеткізу Қазақстан ТЖМ күштері мен құралдарын нығайтуға және елдің экологиялық әрі теңіз қауіпсіздігін арттыруға бағытталған кезекті практикалық қадам болмақ.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/1282062?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді