
Жаңа оқу жылы қарсаңында Қостанай облысының полиция департаменті балаларды тасымалдау кезінде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық іс-шаралар жүргізуде.
Полиция қызметкерлері оқушыларды тасымалдауға арналған автобустар мен өзге де көлік құралдарының техникалық жай-күйіне ерекше назар аударуда. Көлік құралдарының негізгі тораптары мен механизмдерінің жарамдылығы, қажетті құжаттардың болуы, сондай-ақ қауіпсіздік белдіктерінің жай-күйі тексерілуде.
Сонымен қатар жүргізушілер мен балаларды тасымалдауға жауапты тұлғалардың қауіпсіздік талаптарын сақтауына айрықша көңіл бөлінеді. Өйткені көліктің техникалық жарамдылығы, жүргізушінің кәсібилігі және белгіленген талаптардың сақталуы жас жолаушылардың өмірі мен денсаулығына тікелей байланысты.
Жүргізіліп жатқан іс-шаралардың басты мақсаты – ықтимал құқық бұзушылықтардың алдын алу және оқу жылы кезеңінде оқушыларды тасымалдау үшін барынша қауіпсіз жағдай жасау.
Полиция жүргізушілер мен балаларды тасымалдауға жауапты тұлғалардың назарына салады: балаларды тасымалдауда ұсақ-түйек болмайды. Кез келген техникалық ақау, немқұрайлылық немесе ереже талаптарын бұзу ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.
Балалардың қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік. Жүргізушілердің, ата-аналардың, педагогтердің және құқық қорғау органдарының бірлескен күш-жігері арқылы ғана оқушылардың қауіпсіз тасымалдануын қамтамасыз етуге болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1281709?lang=ru

Жауап қалдыру