ШЫМКЕНТТЕ ДӘСТҮРЛІ ТАМЫЗ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Шымкентте «Халық Конституциясының нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбында дәстүрлі қалалық тамыз педагогтер конференциясы өтті. Іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков және білім беру саласының 2 мыңға жуық өкілі қатысты.

Конференция тақырыбы Мемлекет басшысының Республикалық тамыз конференциясында айқындаған негізгі басымдықтарын қамтыды. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Халық Конституциясында білім беру саласына ерекше мән берілгенін атап өтіп, адами капиталды, білімді, ғылым мен инновацияны дамыту стратегиялық бағыт ретінде белгіленгенін атап өтті.

Іс-шараға қатысушыларға сөз арнаған қала әкімі өскелең ұрпаққа сапалы білім беру еліміздің тұрақты дамуының стратегиялық негізі екенін атап өтті. Сондықтан білім беру жүйесін одан әрі жетілдіру мемлекеттің басты басымдықтарының бірі болып қала береді.

Мемлекет басшысы білім сапасын арттыруға, педагог мәртебесін көтеруге және әр балаға тең мүмкіндік беруге ерекше көңіл бөліп келеді. Президент басым міндеттердің қатарында педагог кадрлар тапшылығын азайтуды, мұғалімдердің артық жүктемесі мен қағазбастылықты төмендетуді, білім сапасын арттыруды, сондай-ақ, жасанды интеллектіні оқу процесіне тиімді енгізуді атап өтті», – деді Ғабит Сыздықбеков.

Қала әкімі қалалық бюджеттің шамамен үштен бірі осы саланы дамытуға бағытталатынын да атап өтті. Соңғы екі жылда қалада 13 жаңа мектеп салынып, пайдалануға берілді. Биыл алты мектеп пен бір балабақшаға күрделі жөндеу жүргізіліп, жеті мектепке қосымша ғимараттар салынды. Мектеп инфрақұрылымын дамыту жұмысы алдағы уақытта да жалғасады.

Конференция барысында қала әкімі білім беру саласындағы елеулі жетістіктері мен Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін бірқатар педагогке Мемлекет басшысының атынан «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медальдарын табыстады.

Сонымен қатар, «Білім беру шебері» қалалық байқауының жеңімпаздары марапатталып, «Орта білім беретін үздік ұйым» гранты және қала әкімдігі гранттарының сертификаттары табысталды.

Іс-шара барысында 2025-2026 оқу жылының қорытындысы шығарылып, алдағы оқу жылына арналған негізгі міндеттер айқындалды. Қатысушылар білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби дамуы, цифрлық трансформация, заманауи білім беру технологияларын енгізу және инклюзивті білім беруді дамыту мәселелерін талқылады.

Сондай-ақ, тәрбие жұмысына, мектеп пен отбасы арасындағы өзара іс-қимылға, өскелең ұрпақ бойында «Адал азамат» құндылықтарын қалыптастыруға ерекше назар аударылды. Конференцияға қатысушылар білім беру саласындағы өңірлік бастамалар мен цифрлық білім беру платформаларының мүмкіндіктері бойынша пікір алмасты.

Талқылау секциялық алаңдарда жалғасын тауып, педагогтер білім беру процесін ұйымдастырудың практикалық мәселелері мен жаңа оқу жылындағы міндеттерді қарастырды.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-bilim/press/news/details/1282190?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді