
Түркістан қаласында Түркістан облысының дерматовенерологиялық қызметінің 100 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Іс-шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов қатысып, сала мамандарын айтулы мерейтоймен құттықтады.
«Оңтүстік Қазақстанның дерматовенерологиялық қызметінің ғасырлық жолы: инновациялар, сабақтастық және эндемиялық аурулардың мәселелері» тақырыбындағы басқосуға еліміздің барлық өңірлерінен және Ресей, Өзбекстан, Латвия, Татарстан, Қарақалпақстаннан келген 200-ге жуық жетекші маман қатысты.
Конференция барысында дерматовенерология саласындағы заманауи диагностика мен емдеу әдістері, ғылыми жетістіктер, жұқпалы және созылмалы тері ауруларының алдын алу мәселелері талқыланып, мамандар арасында тәжірибе алмасу жүргізілді.
Халықаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасы, облыстық дерматовенерологиялық диспансер, Өзбекстан Республикасының республикалық мамандандырылған ғылыми-практикалық медициналық орталығы және оның Қарақалпақстан аумақтық филиалы арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумдарға қол қойылды.
Сондай-ақ конференция аясында академик Мұқан Егізбаев атындағы сыйлықтың төртінші табыстау рәсімі өтіп, дерматовенерология саласының дамуына елеулі үлес қосқан үздік мамандар марапатталды.
Айта кетсек, 1926 жылы негізі қаланған Түркістан облыстық дерматовенерологиялық диспансерінде 300-ден астам маман еңбек етеді. Мекеме Түркістан облысы мен Шымкент қаласының 3,5 миллионға жуық тұрғынына медициналық қызмет көрсетеді. Былтыр диспансерде 155 мыңнан астам пациентке медициналық көмек көрсетілген.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1282177?lang=ru

Жауап қалдыру