
«Qarmet» компаниясы 30 тамыз – Шахтер күніне орай ауқымды спорттық мереке өткізеді. Күннің басты оқиғасы Қарағанды мен Теміртауды жалғайтын және шамамен 300 қатысушыны біріктіретін «Забой — Домна – 2026» жаппай велошеруі болмақ.
Велошеруге қатысушылар сағат 09:30-да Қарағандының Орталық саябағы маңындағы «Бочонок» кафесі жанындағы автотұрақтан жолға шығады. Олар Қарағанды – Теміртау тасжолымен 30 шақырым жүріп өтіп, Qarmet Park аумағында мәреге жетеді. Бұл бағыт Қазақстанның тау-кен металлургия саласының тарихы мен дамуында айрықша орны бар қос қаланы байланыстырады.
Велошерудің өтуіне байланысты 30 тамыз күні сағат 08:00-ден бастап қатысушылар жүретін бағыт бойынша көлік қозғалысы уақытша шектеледі. Велосипедшілер колоннасы өткен кезде маршруттың жекелеген учаскелерінде жолдың бір жолағы кезең-кезеңімен жабылады.

Қозғалыс Аманжолов – Чкалов көшелерінің қиылысынан Бұқар жырау даңғылы бағытына қарай, одан әрі 15-магистраль арқылы республикалық тасжолмен Теміртау бағытына қарай шектеледі. Теміртау қаласында велошеру қатысушылары Қарағанды көшесімен жүреді.

Шектеулер кезең-кезеңімен, тек велосипедшілер колоннасы тиісті учаскеден өтіп кеткенге дейін енгізіледі. Колонна өтіп болғаннан кейін жолдың осы бөлігіндегі көлік қозғалысы қайта ашылады.
Жүргізушілерден уақытша шектеулерді ескеріп, бағыттарын алдын ала жоспарлауын, сондай-ақ полиция қызметкерлері мен велошеру ұйымдастырушыларының талаптарын сақтауын сұраймыз.
Қатысушылардың бүкіл бағыт бойынша қауіпсіздігін патрульдік полиция қызметкерлері мен жедел медициналық көмектің екі бригадасы – жедел жәрдем көлігі және реанимобиль қамтамасыз етеді.
Велошерудің мәресі Qarmet Park аумағында өтеді. Мұнда қатысушыларды марапаттау рәсімі ұйымдастырылады. Велосипедшілер үшін Қарағандыға кері қайтуға арнайы трансфер қарастырылған.
Алайда мерекелік бағдарлама мұнымен аяқталмайды. Сағат 14:00-де Qarmet Park аумағында спортшыларға, жанкүйерлер мен қонақтарға арналған мазмұнды бағдарлама басталады.
Күннің басты спорттық шараларының бірі – 15 атлет ең мықты титан атағы үшін бақ сынайтын Strong Cup 2026 күштік турнирі. Қатысушылар бес күрделі сынақтан өтеді: жүк көлігін тарту, табиғи тасты көтеру, покрышканы қашықтыққа лақтыру, салмақпен фермер жүрісі және ауыр қаптарды көтеру.
Бұл бәсекеде тек физикалық күш қана емес, спортшылардың төзімділігі, мінезі және соңына дейін күресе білу қабілеті де шешуші рөл атқарады.
Арнайы қонақ ретінде Қазақстанның танымал күш спортшысы Сергей Цырульников шақырылған.
Мерекенің тағы бір жарқын оқиғасы – күрес элементтері бар Wrestball командалық баскетбол турнирі. Жеңіс үшін сегіз команда бақ сынайды. Баскетбол шеберлігі, физикалық күш пен күрес элементтерінің үйлесуі жарысты көрермендер үшін ерекше тартымды етеді.
Спорттық мерекені қарағандылық UNO live-band тобының өнер көрсетуі қорытындылайды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1281737?lang=ru

Жауап қалдыру