
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Жаңасемей ауданының Приречный ауылы маңында салынып жатқан мал бордақылау алаңына барып, жобаның іске асырылу барысымен танысты.
Жоба бір мезгілде 5 мың бас ірі қара малды бордақылауға арналған. Инвестиция көлемі – 1,9 млрд теңге. «Eurasia Agro Semey» ЖШС құрылтайшысы Ерлан Мұқашевтің айтуынша, құрылыс кезеңінде 250 адам, нысан іске қосылғаннан кейін 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
«Бордақылау алаңының құрылысын былтыр бастағанбыз. Берген уәдемізді орындаймыз. Қазіргі уақытта үш цех салынды. Техникалар алынды. Облыстың барлық аумағынан мал сатып алатын боламыз. Осылайша өңірде ет кластерін қалыптастырамыз», – деді ол
Аймақ басшысы бұл жобаның Жаңасемей ауданында қалыптасып келе жатқан агроөнеркәсіптік өндіріс тізбегінің маңызды бөлігі екенін атап өтті.
«Бұл бордақылау алаңы Достық ауылдық округінде салынып жатқан, жылдық қуаты 11,5 мың тоннаға жуық ет комбинатын бордақыланған ірі қара малмен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Яғни, мал өсіруден бастап оны бордақылау мен өңдеуге дейінгі жұмыстар бір аумақта өзара сабақтасады. Жұмыс барысын өз көзіммен көрейін деп арнайы келіп отырмын. Ет комбинатының да құрылысы аяқталуға жақын. Алдағы бір айдың ішінде толық іске қосылуы тиіс. Бордақылау алаңының да жұмыс қарқынын төмендетпеу қажет. Мұндай жобалар ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің аграрлық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді», – деді Берік Уәли.
Облыс әкімі шаруашылыққа қарасты жайылымды көріп, жүгері алқабында болды.
Айта кетейік, Жаңасемей ауданының Достық ауылдық округінде салынып жатқан заманауи ет комбинатының өндірістік қуаты бір ауысымда 100 бас ірі қара мен 1 000 бас ұсақ мал союға мүмкіндік береді. Сонымен қатар кәсіпорында бір ауысымда 3 тонна шұжық және 5 тонна консерві өнімдерін шығару көзделген.
Ет комбинатымен қатар бордақылау алаңының іске қосылуы Жаңасемей ауданында мал шаруашылығы мен ет өңдеуді өзара байланыстырып, толық өндірістік тізбек қалыптастыруға, жергілікті өнім көлемін арттыруға және өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға тың серпін береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay-agro/press/news/details/1281976?lang=ru

Жауап қалдыру