
Жетісу облыстық мәслихатының ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, ветеринария және экология мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының отырысы өтті. Жиын барысында күн тәртібіндегі екі мәселе – жер ресурстарын тиімді басқару үшін цифрландыру (кадастрлық жүйе) жұмыстары және жерді түгендеу мен пайдалану мониторингі қаралды. Аталған мәселелер бойынша облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Е. Әпеков баяндама жасады.
Баяндамашының айтуынша, қазіргі таңда жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтер электронды түрде көрсетіліп келеді. Жыл басынан бері басқарма тарапынан 13 мемлекеттік қызмет көрсетілген. Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет көрсету рәсімдерін жеңілдету, бюрократиялық кедергілерді азайту, адами факторға байланысты тәуекелдерді төмендету және жер беру процесінің ашықтығын арттыру мақсатында цифрландыру бағытындағы жұмыстар жүргізілген.
Жер қатынастары саласындағы маңызды жаңашылдықтардың бірі – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді электрондық конкурс арқылы беру тетігін енгізу. Бұл жүйеде өтінім беруден бастап жеңімпазды анықтауға дейінгі барлық процесс электронды форматта жүргізіліп, конкурс нәтижесі ашық түрде жарияланатын болады. Баяндамашы бұл тетік жер беру рәсімдерін жеңілдетіп, адами факторды азайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Осы бағытта Жетісу облысында пилоттық жоба ретінде Сарқан ауданында жалпы көлемі 7,5 мың гектар болатын 4 жер учаскесі электрондық конкурс өткізуге дайындалған. Баяндамашының мәліметінше, аталған конкурс қыркүйек-қазан айларында өткізілуі жоспарланған.
Бұдан кейін Е. Әпеков күн тәртібіндегі екінші мәселе – жерді түгендеу және пайдалану мониторингі бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, облыста пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау, оларды мемлекет меншігіне қайтару және қайта айналымға енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілген.
Атап айтқанда, 2022-2025 жылдары облыста пайдаланылмай жатқан 1 млн 318 мың гектар жер анықталған. Оның 712 мың гектары қайта пайдалануға енгізіліп, 606,6 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылған. Баяндамашының айтуынша, мемлекетке қайтарылған жерлерді қайта айналымға енгізу жұмыстары да жүргізіліп, бұл бағытта нақты нәтижелерге қол жеткізілген.
Сонымен қатар, 2026 жылы мемлекет меншігіне 40 мың гектар жер қайтару жоспарланған. Алайда бүгінгі күнге дейін 66,4 мың гектар жер қайтарылып, жоспар 166 пайызға орындалған. Қайтарылған жерлердің ішінде 272 мың гектар жайылымдық жер елді мекендердегі халықтың жеке ауласындағы малды жаю үшін бекітілсе, 233,5 мың гектар жер конкурс арқылы, ал 101,1 мың гектар жер инвестициялық жобалар және басқа да тетіктер арқылы пайдалануға берілген.
Баяндамада жерді пайдалану мониторингінің нәтижелері де айтылды. Баяндамашының мәліметінше, облыста пайдаланылмай жатқан және заң талаптарын бұза отырып пайдаланылып жатқан жерлерді анықтау барысында 480 жер пайдаланушыға тиесілі 653,4 мың гектар жер анықталған. Қазіргі уақытта аталған жерлер бойынша заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылдау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жалпы, тұрақты комиссия отырысында депутаттар баяндамаға қатысты бірқатар сұрақ қойып, жер ресурстары туралы ақпараттың халыққа барынша ашық әрі қолжетімді болуы қажеттігін атап өтті. Атап айтқанда, жер учаскелері, олардың орналасуы, нысаналы мақсаты және пайдаланылу жағдайы туралы мәліметтерді тұрғындар үшін ашық түрде көруге мүмкіндік беретін қолжетімді геопортал құру мәселесі көтерілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetisy-maslihat/press/news/details/1282141?lang=ru

Жауап қалдыру