ТҮРКІСТАНДА БІР ТҰРҒЫН АЛАБЫНДАҒЫ КӨПҚАБАТТЫ ҮЙЛЕР «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА ЖАҢА КЕЙІПКЕ ЕНДІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласындағы Т.Бокин көшесінде орналасқан көпқабатты үйлердің жағдайымен танысып, тұрғындармен кездесті.
Облыс әкіміне осындағы тұрғын үйлердің қазіргі жай-күйі, инфрақұрылымы және абаттандырылуы жөнінде баяндалды.
Кездесу барысында тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен өзекті мәселелері тыңдалды.
Тұрғындар үйлер жаңғыртылып, шатыры ауысып, жөндеуден өткенін, аумақта тазалық пен абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтіп, облыс басшысына ризашылықтарын білдірді. Бір ерекшелігі, тұрғындар өз ауласын таза ұстауға, көгалдандыруға үлестерін қосып, «Таза Қазақстан» бағдарламасын нақты іспен қолдап келеді. Үй ауласында жасыл желек жайқалып тұр.
Т.Бокин көшесі Түркістан қаласының Яссы тұрғын үй алқабында орналасқан. Тұрғын үйлер 1950-1989 жылдар аралығында салынған. Мұнда екі қабатты 18 тұрғын үй бар. Жалпы 298 пәтердің ауданы 15 191 шаршы метрді құрайды. Аумақ қажетті инженерлік инфрақұрылым жүйелерімен толық қамтылған.
Көпқабатты тұрғын үйлер автономды газ жүйесіне көшірілген. Сонымен қатар спорт және балалар ойын алаңдарымен қамтылған. Тұрғындардың өтініштері негізінде техникалық зерделеу жүргізіліп, анықталған ақауларды жою бойынша тиісті жұмыстар ұйымдастырылып келеді.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылы аудан аумағына 8 бейнебақылау камерасы орнатылды. Қазіргі таңда аталған камералар Түркістан облысы полиция департаментінің теңгеріміне берілген.
Сондай-ақ 2025 жылы 15 тұрғын үйдің сыртқы қасбетін бірыңғай сәулеттік келбетке келтіру мақсатында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Т.Бокин көшесіндегі №1, №3, №5, №7, №9, №11, №13, №15, №17, №19, №21, №41, №47А, №47/2 және С.Қожанов көшесіндегі №3 тұрғын үйдің қасбеттері жөнделді.
Жоба аясында қасбеттерді сырлау және әрлеу, қылталарды профнастилмен қаптау жұмыстары атқарылды.
Бұдан бөлек, 2012-2017 жылдары модернизация жобасы аясында шатыр, кіреберіс және қасбеттерге жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kalasy/press/news/details/1282386?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді