ДӘРІГЕРЛЕРДЕ ШЕКАРА ЖОҚ: ӘДИБАМЕН КЕЗДЕСУ ТАРИХЫ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Кейде дәрігер өз пациентін өмірінде бір-ақ рет кездестіреді. Ал жылдар өткен соң, өмір сол кездесуді күтпеген жерден қайта жаңғыртып, басқа елде қайта жолықтыруы мүмкін. Осындай әсерлі оқиға жуырда 30 жылдық еңбек өтілі бар профессор,педиатр дәрігер, пульмонолог Мира Зекенқызы Ажахметованың басынан өтті. Қазақстан медицинасының күндері аясында Тәжікстанға барған сапарында ол көп жыл бұрын Алматыда ауыр пневмониядан емдеп, өмірін сақтап қалған Адиба есімді қызды қайта кездестірді.

«13 жыл бұрын менің қабылдауыма Адиба Камолова есімді жаңа туған қыздың әкесі келді. Ол Тәжікстан азаматы болатын және сол кезде Қазақстанда жүрген. Оның кішкентай қызы ауыр науқастанып, пневмониямен ауырған еді. Медициналық көмек алу үшін елге қайтуға мүмкіндігі болмады, ал баланы Қазақстанда емдеуге жатқызуға да жағдайы жетпеді. Мен қызды емханаға тіркеуге көмектестім және емдеуді бастадық. Көп ұзамай отбасы Тәжікстанға қайтып кетті. Ол кезде қыздың денсаулығы жақсарып, ауруынан айыққан болатын», – деп еске алды дәрігеріміз.

Қазақстандық мамандардың Душанбе қаласына сапары және №15 қалалық денсаулық сақтау орталығының бас дәрігері Тохир Гайратзода Гайраттың, сондай-ақ Тәжікстан Республикасының бас педиатры Лола Фахриддинқызының көмегінің арқасында Адиба және оның інісі Нұрсұлтанмен кездесу ұйымдастыру мүмкін болды.

«Кездесу өте әсерлі өтті. Адиба мені бірден таныды. Ал Нұрсұлтан бірден тани қоймады. Ол кезде әлі кішкентай болатын. Қыз маған қарап: «Мен де сіз сияқты дәрігер болғым келеді», – деді. Сол сәтте мен мамандығымыздың қадір-қасиетін және неліктен осы кәсіпті таңдағанымызды тағы бір мәрте түсіндім. Бүгінде Адиба мен Нұрсұлтан өсіп келеді, мектепке барып, ағылшын тілін үйреніп, болашақтарын армандауда», – деп әңгімесін жалғастырды Мира Зекенқызы.

Бұл оқиға медицинаның шекарасы жоқ екенін, ал науқасқа көрсетілетін көмектің азаматтыққа бөлінбейтінін және дәрігер кабинетінің есігінен шыққанда аяқталмайтынын көрсетеді. Біздің құрметті педиатрдың пікірінше, дәрігердің ең басты қасиеті – тек білімі мен дипломы ғана емес. Бұл – әр баладан ең алдымен адамды көре білу және оған көмек аса қажет болған сәтте қол ұшын соза алу.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/1282438?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді