Маңғыстауда республикалық «SHUBAT FEST-2026» шұбат байқауының жеңімпазы анықталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін, 29 тамызда Ақтау қаласындағы Амфитеатр алаңында республикалық «SHUBAT FEST-2026» шұбат фестивалі өтті. Ауқымды шараға 15 мыңнан астам қала тұрғыны мен қонағы жиналып, байқауға Маңғыстау, Атырау, Қызылорда және Түркістан облыстарының өкілдері қатысты. Фестивальге Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілек Жеткізгенұлы қатысты.

Фестивальдің басты мақсаты – шұбатты ұлттық өнім ретінде кеңінен насихаттау, оны дайындау дәстүрін сақтау, түйе шаруашылығын дамыту және отандық өнімді заманауи форматта ілгерілету.

Шараның негізгі бөлігі – үздік шұбатты анықтауға арналған байқау. Байқауға барлығы 83 өтінім түсіп, оның 41-і алдын ала іріктеуден өтті. Кейін қатысушылардың өнімдері зертханалық сараптамадан өткізіліп, нәтижесінде 20 қатысушы финалдық кезеңге жолдама алды.

Төрт өңірден келген кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының өкілдері өз өнімдерін таныстырды. Фестиваль қонақтары шұбаттың түрлі түрлерінен дәм татып, түйе сүтінен дайындалған құрт, балқаймақ, десерт, кофе, балмұздақ және коктейльдерден ауыз тиді. Сондай-ақ келушілер үздік өнімдерді халықтық дауыс беру арқылы анықтауға мүмкіндік алды.

Байқау барысында шұбаттың сапасы мен құрамы, сондай-ақ оны дайындаудың дәстүрлі тәсілдері басты назарда болды. Сонымен қатар тәжірибелі шұбат шеберлері мен ұлттық сусын дайындау дәстүрін жалғастырып жүрген жас буын өкілдерімен сұхбаттар ұйымдастырылды. Мамандар түйе сүтінің тағамдық құндылығы мен ерекшеліктері туралы айтып берді.

Марапаттау рәсімі алдында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Тілек Жеткізгенұлы құттықтау сөз сөйледі. Ол ата-баба дәстүрін сақтап, ұлттық өнім өндірісін дамытып келе жатқан шаруа қожалықтарының еңбегін атап өтіп, отандық өнімді қолдаған өңір тұрғындары мен қонақтарына, сондай-ақ фестивальді ұйымдастырушылар мен демеушілерге алғысын білдірді.

Байқау қорытындысы бойынша қосымша номинацияларда түйе сүтінен жасалған ең үздік құрт, балқаймақ, десерт, кофе, балмұздақ және коктейль ұсынған қатысушылар жеңімпаз атанды.

Фестивальдің басты номинациясы – «Үздік шұбат» бойынша үшінші орынды Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының «Нұр-Абыл» шаруа қожалығы, екінші орынды Атырау облысы Жылыой ауданының «Орынбасар» шаруа қожалығы иеленді.

Бірінші орынды Ақтау қаласының «Толқын» шаруа қожалығы иеленді.

Фестивальдің басты жүлдесі – Гран-при Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласынан келген «Бірлік» шаруа қожалығына табысталды. Фестивальдің ресми демеушісі «Astana Motors» компаниясы жеңімпазға GWM Poer автокөлігін табыстады.

Кеш барысында Маңғыстау облыстық филармониясының өнерпаздары, Рахымжан Жақайым, Жұбаныш Жексенұлы және «Жігіттер» квартеті өнер көрсетіп, көрерменге мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Республикалық «SHUBAT FEST-2026» фестивалі шұбатты кеңінен насихаттауға, отандық өндірушілерді қолдауға және түйе шаруашылығын дамытуға бағытталған ауқымды алаңға айналды. Төрт облыстың өкілдері қатысып, 15 мыңнан астам келушінің қызығушылық танытуы ұлттық өнімге және оны өндіру дәстүріне деген қоғамдық қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/1282390?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді