
Бүгін – Шахтерлер күні. Бұл – жер қойнауындағы қазынаны ел игілігіне айналдырып жүрген қайсар жандардың кәсіби мерекесі. Кен өндіру саласы – қажыр-қайратты, кәсіби шеберлікті және үлкен жауапкершілікті талап ететін күрделі сала. Сондықтан кеншілердің әрбір еңбек күні ерлікпен пара-пар.
Мойынқұм ауданы – табиғи байлыққа толы, өндірістік әлеуеті жоғары өңір. Аудан аумағында алтын және басқа да бағалы металдар өндірілетін кеніштер, гранит, әктас пен құрылыс материалдарына қажетті шикізат алынатын карьерлер орналасқан. Ақбақай кенішінен бастау алған кен өндірісінің тарихы бүгінде жаңа технологиялармен, заманауи кәсіпорындармен және білікті мамандардың еңбегімен жалғасып келеді.
Мойынқұмдағы шахталар мен карьерлерде жүздеген азамат табанды еңбек етуде. Олардың қатарында кеншілер, геологтер, маркшейдерлер, бұрғылаушылар, жарушылар, жүргізушілер, механиктер, энергетиктер, дәнекерлеушілер және басқа да сала мамандары бар. Бір қарағанда көзге көріне бермейтін осы еңбектің артында аудан экономикасының дамуы, жаңа жұмыс орындарының ашылуы және ел қазынасының толығуы тұр.
Кеншінің жұмысы тек кен өндірумен шектелмейді. Ол – темірдей тәртіп, өзара сенім және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау. Жер астындағы әрбір ауысым мен карьердегі әрбір жұмыс күні асқан жауапкершілікті қажет етеді. Өйткені өндірістегі басты құндылық – адам өмірі мен денсаулығы.
Мойынқұмның өндірістік дамуына ардагер кеншілердің қосқан үлесі орасан. Олар қиын кезеңдерде кен орындарын игеріп, өндірістің негізін қалап, кейінгі буынға бай тәжірибе мен адал еңбек дәстүрін аманат етті. Бүгінде сол еңбек жолын жас мамандар лайықты жалғастырып келеді. Ұрпақтар сабақтастығы – саланың тұрақтылығы мен болашағының берік кепілі.
Кен байлығы – табиғаттың берген несібесі болса, оны халық игілігіне айналдыратын – адам еңбегі. Мойынқұмның алтынға, тасқа және түрлі пайдалы қазбаларға бай қойнауы ауданның болашақтағы дамуына да зор мүмкіндік береді. Ендігі міндет – өндірісті қауіпсіз әрі экологиялық талаптарға сай жүргізіп, жаңа технологияларды енгізу және жергілікті мамандарды қолдау.
Осынау кәсіби мереке күні Мойынқұм ауданындағы барлық кен өндіруші кәсіпорындардың ұжымдарын, шахталар мен карьерлерде еңбек етіп жүрген азаматтарды және сала ардагерлерін Шахтерлер күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Еңбектеріңіз еленіп, мерейлеріңіз үстем болсын! Әр ауысым сәтті аяқталып, шаңырақтарыңызға амандықпен орала беріңіздер! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ-береке, жұмыстарыңызға толайым табыс тілейміз!
Шахтер еңбегі – ел қуаты, Мойынқұм өндірісі – аудан мақтанышы!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum/press/news/details/1282405?lang=ru

Жауап қалдыру