2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстан мектептерінде не өзгереді?

Жарияланды:

Автор:

категорияда

2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстанның орта білім беру ұйымдарында оқу процесін жетілдіруге, тәрбие жұмысын күшейтуге, цифрлық құзыреттіліктерді дамытуға және қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған бірқатар өзгерістер енгізіледі.

Бастауыш сыныптарда бағалаудың жаңартылған тәсілі

Маңызды өзгерістердің бірі 2–4 сынып оқушыларына қатысты болады. Жаңа оқу жылынан бастап бастауыш сыныптарда бағалау тәртібі жаңартылады.

Критериалды бағалау жүйесі сақталады, алайда қалыптастырушы бағалаудың рөлі күшейтіледі. Оқу бөлімдерін меңгеру нәтижелерін анықтау үшін аралық бағалау енгізіледі. Бұл ретте бұрынғы форматтағы тоқсандық жиынтық жұмыс жеке өткізілмейді.

Қалыптастырушы бағалау бұрынғыдай 1-ден 10 балға дейінгі шкала бойынша жүргізіледі, бұл ретте балл қою тәсілі нақтыланады. Бірінші сыныпта бұрынғыдай бағалар қойылмайды.

Осылайша, негізгі назар тұрақты кері байланыс беруге, оқушылардың оқу жетістіктеріндегі ілгерілеуін бақылауға және оқу барысында туындайтын қиындықтарды дер кезінде анықтауға аударылады.

Оқушыларға арналған жаңа курстар

2026–2027 оқу жылынан бастап мектеп бағдарламаларына жаңа міндетті курстар енгізіледі.

5–7 сынып оқушылары үшін «Конституция негіздері», 8–11 сыныптар үшін «Заң және тәртіп», ал 5–11 сыныптар үшін «Жеке қауіпсіздік» курстары қарастырылған.

Жаңа бағыттар оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, жауапты мінез-құлықты дамытуға және түрлі өмірлік жағдайларда қауіпсіз шешім қабылдау дағдыларын қалыптастыруға бағытталған.

Жасанды интеллект мектептегі білім беру жүйесінің бір бөлігіне айналады

Жаңа оқу жылында жасанды интеллект технологияларын білім беру процесіне жүйелі түрде енгізу жалғасады.

«Жасанды интеллект» жеке пән ретінде енгізілмейді. Оның негіздері қолданыстағы оқу пәндеріне кіріктіріледі.

1–4 сыныптарда «Цифрлық сауаттылық» пәні «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект» деп аталады. Ал 5–11 сыныптарда «Информатика» пәні «Информатика және жасанды интеллект» болып өзгертіледі.

Жаңартылған оқу бағдарламаларына жасанды интеллектке қатысты жаңа бөлімдер мен 43 оқу мақсаты енгізілді. Оқушылар заманауи технологиялардың мүмкіндіктерімен қатар цифрлық қауіпсіздік, дербес деректерді қорғау, сыни ойлау және жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдалану мәселелерімен танысады.

Бұл ретте жасанды интеллект тек қосымша құрал ретінде қарастырылады. Ол мұғалімді алмастырмайды, керісінше педагогке оқу процесін тиімді әрі оқушының жеке ерекшеліктеріне бейімделген түрде ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Бұл бағыт ауыл мектептері үшін де ерекше маңызға ие. 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Павлодар және Қызылорда облыстарындағы 10 шағын жинақты мектепте жасанды интеллект технологияларын қолдану бойынша пилоттық жоба іске қосылады. Алдағы уақытта жобаны кезең-кезеңімен кеңейту жоспарланып отыр.

Смартфондарды пайдалануға қойылатын шектеулер

Білім беру ұйымдарында оқу сабақтары кезінде смартфондарды пайдалануға қойылған шектеулер сақталады. Сабақ барысында телефонды оқу процесінде және педагогтің күнтізбелік-тақырыптық жоспарында қарастырылған жағдайларда ғана пайдалануға рұқсат етіледі.

Сонымен қатар барлық мектептерде телефондарды сақтауға арналған арнайы шкафтар немесе сейфтер орнату міндетті талап ретінде енгізілмейді.

Педагогтерді аттестаттау: жаңа модельге көшу

2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда педагогтерді аттестаттаудың жаңа моделін пилоттық режимде сынақтан өткізу басталады. Өзгерістердің негізгі мақсаты — педагогтің кәсіби қызметін бағалауды барынша объективті әрі ашық ету және мұғалімдерге түсетін артық жүктемені азайту.

Жаңа модельде тестілеу нәтижелеріне ғана емес, педагогтің нақты кәсіби қызметінің нәтижелеріне басымдық беріледі. Атап айтқанда, педагог пен оның білім алушыларының жетістіктері, оқу және тәрбие жұмысының сапасы, кәсіби жобаларға қатысуы және педагогикалық тәжірибені таратуы ескеріледі.

Жаңа оқу жылы – жаңа басымдықтар

2026–2027 оқу жылындағы өзгерістер білім беру мазмұнын жаңартумен ғана шектелмейді. Балалардың қауіпсіздігіне, тәрбие жұмысына, цифрлық сауаттылыққа, сыни ойлауды дамытуға және заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға ерекше назар аударылады.

Успен ауданының мектептері үшін де жаңа оқу жылы жаңартылған тәсілдер мен жаңа білім беру құралдарын кезең-кезеңімен енгізу кезеңі болмақ.

Негізгі міндет өзгеріссіз қалады — әр балаға сапалы, қауіпсіз және заманауи білім беруді қамтамасыз ету, оның жан-жақты дамуына және болашаққа табысты дайындалуына қажетті жағдай жасау.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/uspen-bilim/press/news/details/1282641?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді