
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтті. Жиында мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнама талаптарының сақталуы, мемлекеттік органдардың бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимылы, сондай-ақ, 2026 жылдың бірінші жарты жылдығының қорытындысы бойынша мемлекеттік органдардың «Ашықтық индексінің» нәтижелері қаралды.
Шымкент қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Нұржан Сүлейменов превентивті бақылауды және ықтимал тәуекелдерді ерте кезеңде анықтауға, бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол бермеуге мүмкіндік беретін цифрлық құралдарды дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.
Сонымен қатар, «Онлайн-бюджеттік мониторинг» жүйесін енгізу жұмысы жалғасуда. Пилоттық жоба әлеуметтік маңызы бар төрт саланы – білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет салаларын қамтиды.
Бұған қоса, Департамент тарапынан мемлекеттік сатып алудың сапасын арттыру және типтік заң бұзушылықтардың алдын алу бағытында жұмыстар жүргізілуде. Негізгі назар заңнама талаптарының сақталуына, сатып алу шарттарының негізділігіне, рәсімдердің ашықтығына және шығыстарды тиімді жоспарлауға аударылуда.
Ішкі саясат басқармасының басшысы Азамат Пармановтың айтуынша, басқарма ақпараттық кеңістікте тұрақты мониторинг жүргізіп, тұрғындармен кері байланысты қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде.
Сондай-ақ, мемлекеттік органдардың қызметін ақпараттық сүйемелдеу жұмысы белсенді жалғасуда. Аудан әкімдіктері мен қалалық басқармалардың ресми парақшаларында іске асырылып жатқан жобалар, қабылданып жатқан шаралар және ағымдағы жұмыстар туралы материалдар тұрақты жарияланады.
Цифрлық коммуникацияларды дамытуға және контент сапасын арттыруға ерекше мән берілуде. Ақпарат мәтіндік материалдармен қатар фото және бейнематериалдар да ұсынылады.
Бұқаралық ақпарат құралдарымен жүйелі жұмыс аясында сегіз ай ішінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында қаланың дамуының өзекті бағыттары мен жүзеге асырылып жатқан жобаларға арналған 85 брифинг өткізілді.
Шымкент қаласы әкімінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің басшысы Гүлбахыт Жұматаева «Ашықтық индексі» мемлекеттік органдардың жұмысын төрт негізгі бағыт бойынша бағалайтынын хабарлады.
Қазіргі таңда осы бағыттардың әрқайсысы бойынша қаланың көрсеткіштерін жақсартуға бағытталған кешенді жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, «e-Otinish» жүйесіндегі деректердің дұрыстығын бақылау, өтініштерді уақтылы қарау және азаматтармен кері байланысты қамтамасыз ету жұмысы күшейтілуде.
Сонымен бірге мемлекеттік органдар басшыларының азаматтарды жеке қабылдау тәжірибесі жетілдіріліп, цифрлық коммуникация арналары кеңейтілуде. Тұрғындардың өзекті мәселелері бойынша жүйелі себептерді анықтап, нақты шешімдер қабылдау мақсатында қайталама өтініштерді талдауға ерекше мән берілуде.
Кеңес қорытындысы бойынша қала әкімі жауапты тұлғаларға мемлекеттік сатып алудың тиімділігін, ақпараттық ашықтықты және тұрғындармен өзара іс-қимыл сапасын арттыру бойынша жұмысты жалғастыруды, сондай-ақ, «Ашықтық индексі» көрсеткіштерін жақсартуға бағытталған жеке іс-шаралар жоспарын әзірлеп, оның нәтижелеріне тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent/press/news/details/1282979?lang=kk

Жауап қалдыру