
Ақмола облысында Елтай және Есіл станцияларының теміржол вокзалдарын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Нысандарды жаңарту Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан еліміздегі теміржол вокзалдарын жаңғырту бағдарламасы аясында жүргізілді.
Қайта жаңғырту барысында вокзал ғимараттарын, инженерлік инфрақұрылымды, жолаушылар аймақтары мен іргелес аумақтарды жаңартуға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілді. Шатырды монтаждау және жөндеу, сыртқы және ішкі әрлеу, инженерлік желілерді орнату, перрондарды қайта жаңғырту мен аумақтарды абаттандыру жұмыстары орындалды.
Вокзалдардың қауіпсіздік деңгейі мен қолжетімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінді. Жаңа эвакуациялық шығу жолдары ұйымдастырылып, өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес есіктер орнатылды. Қозғалысы шектеулі азаматтар үшін пандустар жабдықталды.
Нысандарды жаңарту барысында заманауи, берік, өрт қауіпсіздігі талаптарына сай және оңай тазаланатын материалдар қолданылды. Вокзалдардың қасбеттері фиброцементті панельдермен қапталып, ішін әрлеуде керамогранит, гранит және коммерциялық линолеум пайдаланылды. Құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде отандық материалдар қолданылды.
Елтай станциясының теміржол вокзалы 1973 жылы салынған. Қайта жаңғырту нәтижесінде бір қабатты ғимараттың ауданы 217,9 шаршы метрден 246,8 шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Вокзал 2-санатқа жатады. Станция арқылы Павлодар, Көкшетау, Бурабай курорты, Петропавл, Қостанай, Астана және Қарағанды бағыттарымен қатынауды қамтамасыз ететін 10 жолаушылар пойызы өтеді.
Есіл станциясының теміржол вокзалы 1943 жылы салынған. Қайта жаңғырту барысында пайдаланылатын жертөлені қоса алғанда, бір қабатты ғимараттың ауданы 406 шаршы метрден 485,4 шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Вокзал 3-санатқа жатады. Станция арқылы Қостанай, Шу, Алматы, Астана, Қарағанды, Орал, Ақтөбе, Маңғыстау, Бейнеу, Семей және Арқалық бағыттарымен қатынауды қамтамасыз ететін 18 жолаушылар пойызы өтеді.
Екі теміржол вокзалын қайта жаңғырту жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға, жолаушылар мен теміржол саласы қызметкерлері үшін неғұрлым жайлы, қауіпсіз әрі қолжетімді жағдай жасауға, сондай-ақ көлік инфрақұрылымы нысандарының сыртқы келбетін жақсартуға мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/1283166?lang=ru

Жауап қалдыру