Ақтөбе облысында пайдалануға берілген спорт нысандарының саны 770-ке жетті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Өңірде спорт инфрақұрылымын кеңейту, бұқаралық спортты дамыту және спортшылардың шеберлігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

Ақтөбе облысы дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетовтың айтуынша, бүгінде облыста пайдалануға берілген спорт нысандарының саны 770-ке жетті. Соңғы үш жылда бюджеттік қаражат есебінен 31 спорт нысаны іске қосылып, бір мезетте 3 120 адамның спортпен шұғылдануына мүмкіндік жасалды.

Биыл мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Қуат» спорт кешені және Грек-рим, еркін және әйелдер күресі орталығы пайдалануға берілді. Қазіргі таңда «Қуат» спорт кешенінде 20 спорт түрі бойынша 913 спортшы жаттығады. Ал күрес орталығында 250-ге жуық спортшы жаттығуын бастап, олармен 12 жаттықтырушы жұмыс істеп жатыр.

Сонымен қатар, өңірде 8 спорт нысанының құрылысы жалғасуда. Ақтөбе қаласы мен аудандарда бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, спорт залдары салынуда. Бұдан бөлек, 34 980 орындық жаңа футбол стадионы мен 5 000 орындық әмбебап спорт кешенінің құрылысы басталды.

Баспасөз мәслихатында Ақтөбе облысы спортшыларының халықаралық жарыстардағы нәтижелері де атап өтілді. 2026 жылдың тамыз айындағы жағдай бойынша жерлестеріміз Әлем және Азия чемпионаттарында 17 медаль жеңіп алды.

Алдағы маңызды дода – Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтетін XX жазғы Азия ойындары. Оған Ақтөбе облысынан 20 спортшы қатысады. Сонымен қатар, V Азия Пара ойындарында өңір намысын 6 спортшы қорғайды.

Басқарма басшысының айтуынша, жүргізіліп жатқан жұмыстардың негізгі мақсаты – бұқаралық спортты дамыту, спорт резервін қалыптастыру, жоғары білікті спортшыларды даярлау және өңірдің республикалық әрі халықаралық аренадағы спорттық әлеуетін арттыру.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-shalkar-kishikum/press/news/details/1282939?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді