
Хромтау қаласында кеншілердің кәсіби мерекесі – Шахтерлер күніне арналған салтанатты шара өтті. Биылғы мерекелік кеш «Белестерді бағындырып, ел болашағын құрамыз» ұранымен өтіп, тау-кен саласында еселі еңбек етіп жүрген азаматтарға құрмет көрсетуге арналды.
Салтанатты шарада аудан әкімі Нұрхан Тлеумұратов кеншілерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың еңбегінің аудан экономикасы мен Хромтаудың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңыздылығын атап өтті.
«Хромтау – Ақтөбе облысының өнеркәсіптік жүрегі. Ауданымыздың өндірістік қуаты ең алдымен осы салада еңбек етіп жүрген азаматтардың табанды еңбегімен қалыптасып отыр. Кенші еңбегі – кәсіби шеберлікті ғана емес, батылдықты, жауапкершілікті және үлкен төзімділікті талап ететін ерекше кәсіп. Сіздердің әр ауысымдағы еңбектеріңіз – ауданымыздың бүгінгі жетістігі мен ертеңгі дамуының берік негізі», – деді аудан әкімі.
Өз сөзінде Нұрхан Тлеумұратов ERG компаниясының Хромтау қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесіне де тоқталды. Компанияның қолдауымен өңірде әлеуметтік маңызы бар бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Өткен жылы 400 орындық мәдениет үйінің құрылысы жүргізілсе, биыл жабық жүзу бассейнінің құрылысы қолға алынды.
Бүгінде Дөң тау-кен байыту комбинаты мен оған қарасты кәсіпорындарда 10 мыңға жуық адам еңбек етеді. Олардың қатарында кеншілермен бірге инженерлер, технологтер, механиктер, энергетиктер және өзге де жоғары білікті мамандар бар.
Аудан әкімі кеншілердің кәсіби мерекесі – өндірісте еңбек етіп жүрген әрбір маманның еңбегін бағалап, сала жетістіктерін саралайтын айтулы күн екенін атап өтіп, тау-кен өнеркәсібінің ардагерлеріне ерекше алғысын білдірді.
Мерекелік шара барысында тау-кен саласының үздік қызметкерлері «Кенші даңқы» төсбелгісімен, ERG және «Қазхром» компанияларының корпоративтік наградаларымен, Ақтөбе облысы мен Хромтау ауданы әкімдерінің Алғыс хаттарымен, сондай-ақ кәсіподақ ұйымдарының марапаттарымен наградталды.
Салтанатты кеште өндірістегі жаңа технологиялар, цифрландыру үдерісі, заманауи тау-кен техникасы және «ERG Green» жобасы таныстырылып, еңбек қауіпсіздігі мәселесіне де ерекше назар аударылды.
Мерекелік кештің концерттік бағдарламасы да көрермен көңілінен шықты. Қазақстан эстрадасының танымал әншілері Нұржан Керменбаев, Мирас Жүгінісов және Еңлік өнер көрсетіп, мерекелік көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар, сахнада Қайрат Бәйекенов пен «Формат» тобы, Gold Step шоу-балеті және The Dem Squad би тобы өнер көрсетті.
Кеш барысында Дөң тау-кен байыту комбинатының қызметкерлері де сахнаға шығып, өздерінің шығармашылық өнерлерін паш етті.
Хромтаудың тарихы – кеншілердің тарихы. Ал оның болашағы – бүгін маңдай терімен еңбек етіп жүрген жандардың қолында.
Құрметті хромтаулықтар!
Шахтерлер күні құтты болсын! Еңбектеріңіз еленіп, әр ауысымдарыңыз сәтті, шаңырақтарыңыз берекелі болсын!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-hromtau/press/news/details/1282445?lang=ru

Жауап қалдыру