Мектеп бағындағы еңбек пен білім сабақтастығы

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Аршалы ауданының білім бөліміне қарасты Арнасай ауылындағы жалпы білім беретін мектепте оқушылар ерте жастан бастап тек партада білім алып қана қоймай, ауыл шаруашылығы саласына қатысты практикалық дағдыларды да меңгеруде. Мектепте көп жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан өнім алаңы бүгінде ашық аспан астындағы нағыз зертханаға айналған.

Мектеп жанындағы бақтың тарихы 2009 жылдан басталады. Оны құру туралы бастаманы мектеп оқушыларының өздері көтерген. Жылдар өте келе шағын бастама мектеп өмірінің маңызды бөлігіне айналды. Бүгінде балалар педагогтермен бірге көкөніс өсіріп, өсімдіктердің ерекшеліктерін зерттейді, бақылау жұмыстарын жүргізіп, өз еңбектерінің нәтижесін көреді.

Мектеп директоры Елена Молешкованың айтуынша, мектеп бақшасында картоп, сәбіз, қызылша, қырыққабат, кәді және қияр өсіріледі. Жиналған өнім мектеп асханасының қажетіне пайдаланылады. Мектептің ерекше мақтанышы — арнайы жылыжайда өсірілетін жүзімнің екі сұрпы.

«Жыл сайын жаз мезгілінде сынып жетекшілерінің басшылығымен практика ұйымдастырылады. Кестеге сәйкес 5–10 сынып оқушылары он күн бойы өсімдіктерді суарып, арамшөптерді жұлады, дақылдардың өсуін бақылайды, келесі жылғы өнімге тұқым дайындау үшін үздік сұрыптарды іріктейді», — деп атап өтті Елена Молешкова.

Мектеп үшін өнім алаңы — жай ғана бақша емес. Бұл — жобалық жұмыс, экологиялық тәрбие және экономикалық ойлау қабілетін қалыптастыруға арналған маңызды кеңістік. Мұнда әрбір өнім — оқушылардың еңбегі, зерттеуі және бірлескен жұмысының нәтижесі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-edu/press/news/details/1282636?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді