Өскеменде қала күні кең көлемде атап өтілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Өскемен соңғы бес күн бойы мерекелік көңіл-күйге бөленді. Қала күніне орай шаһардың әр түкпірінде мәдениет пен өнерді, спорт пен белсенді өмір салтын, ұлттық дәстүр мен отбасылық құндылықтарды ұштастырған 50-ден астам іс-шара ұйымдастырылды.

Мерекелік күндер қала тұрғындары мен қонақтарына түрлі форматтағы мазмұнды бағдарламалар ұсынды. Басты мақсат – туған қаланың тарихын ұлықтап, бүгінгі жетістіктерін атап өту ғана емес, өскемендіктерді ортақ мерекеге біріктіріп, қаланың ерекше рухын сезіндіру болды.

Қала күнінің негізгі мерекелік алаңдарының біріне Республика алаңы айналды. Мұнда «Өскемен – жүрегімнің қаласы!» атты ауқымды күндізгі бағдарлама ұйымдастырылды. Балалар үшін ойын-сауық шаралары өтіп, тұрғындар «Бал фестиваліне», ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне және «Қарбыз фестиваліне» қатысты. Түрлі жастағы тұрғындар үшін ұйымдастырылған бұл шаралар мерекелік күннің мазмұнын байыта түсті.

Сондай-ақ автоспорт жанкүйерлері Желтоқсан көшесінде өткен автокөлік жарысы мен drag racing сайыстарын тамашалады. Жоғары жылдамдық пен тартысқа толы жарыстар көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Ал мерекенің шарықтау шегі Республика алаңында өткен ауқымды концерт болды. Кеш барысында танымал отандық әншілер сахнаға шығып, өз өнерлерін паш етті. Әуезді ән мен әсем музыка, көрерменнің көтеріңкі көңіл-күйі мерекелік кешке ерекше атмосфера сыйлады.

Қала тұрғындарын мерекемен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов келіп құттықтады.

Аймақ басшысы Өскеменнің өңір үшін маңызын атап өтіп, шаһардың тек әкімшілік орталық емес, бүкіл өңірдің даму бағытына ықпал ететін қала екенін жеткізді.

«Өскемен дамып, өзінің тарихы мен дәстүрін сақтай отырып, болашаққа сеніммен қадам басып келеді. Өскемен әрдайым еңбек қаласы болды. Оның тарихы күнделікті еңбегімен өңірдің өндірістік қуатын қалыптастырған, кәсіпорындарды дамытқан, үйлер мен жолдар салған, бала тәрбиелеген адамдардың тағдырымен тығыз байланысты. Бүгінде де қала тұрғындары оның басты байлығы әрі күші болып қала береді», – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Облыс әкімі қаланың қазіргі дамуындағы жастардың рөліне де ерекше тоқталды. Оның айтуынша, Өскемен бүгінде білімге, ғылымға, спортқа және шығармашылыққа ұмтылған жастардың қаласына айналып келеді.

Қазір концерт әлі жалғасуда. Соңында Өскемен аспанында жарқын отшашу атылып, қала күніне арналған бес күндік мерекелік бағдарлама өз мәресіне жетеді.

(Мәтін мен фотосуреттерді пайдаланғанда ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасау міндетті).

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1282450?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді