
🔰Тамыз конференциясы – ұстаздар қауымы бас қосатын ауықымды әрі маңызды жиын. Халық «Келісіп пішкен тон, келте болмас» – дейді. Тамыз кеңесі алдағы жоспарларды, атқаратын міндеттерді келісіп алуға мүмкіндік береді. Бүгін аудандық тамыз конференциясы өтті. Шара ҚР Мемлекеттік Әнұранымен ашылды. Лэд экранда Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі — Жұлдыз Сүлейменованың білім саласы қызметкерлеріне арналған арнайы бейне құттықтауы қойылды.
🔰Конференцияға қатысқан аудан әкімі Сәкен Мамытов құттықтау сөз сөйлеп, барша ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылында жетістерге жете берулеріне тілектестігін білдірді. Мұнан соң аудандық білім бөлімінің басшысы Жуаныш Жарықбасов өткен оқу жылының қорытындысы және алдағы атқарылатын міндеттер бойынша баяндама жасады. Сонымен қатар, Алматы қаласы, Алмалы ауаны, №96 ЖББМ КММ директоры Райгүл Жұмағалиева “Жасанды интеллект ” тақырыбында лекция оқыса, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы педагог кадрлармен жұмыс жүргізу және әкімішілік-құқықтық қамтамасыз ету бөлімшесінің басшысы Нұрлан Қорғанбай конференцияның маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, «Тәрбие жұмысын жүйелеу – нәтижелі мектептің негізі» тақырыбында Алматы қаласы, Алмалы ауданы, №96 жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жібек Жарболова жан – жақты тоқталды. «Жасанды интеллект – мұғалімнің цифрлық ассистенті» тақырыбында Абылай хан атындағы мектеп-лицейінің педагогі Нұрсәуле Орымбекова да баяндама жасады.
🔰Жиында қорытынды сөз сөйлеген аудан басшысы Сәкен Үмбетұлы білімі терең, ойлы, еңбекқор және отаншыл ұрпақты тәрбиелеу – бүгінгі күннің негізгі міндеті екендігін, сондықтан, мұғалімдер қауымына зор жауапкершілік жүктелетіндігін айтып, алдағы уақытта аудандағы білім беруді одан әрі жетілдіру үшін аудандық білім бөліміне бірқатар тапсырмалар жүктеді. Ұрпақ тәрбиесімен айналысып жүрген ұлағатты ұстаздарға сәттілік тіледі. Білім беру жүйесін жетілдіруге елеулі үлес қосып келе жатқан бір топ ұлағатты ұстаздар ҚР оқу-ағарту Министрлігінің төсбелгісімен және “Ауданға сіңірген еңбегі үшін” төсбелгісімен, ҚР оқу – ағарту Министрлігінің, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының, Сарысу ауданы әкімінің, аудандық білім бөлімінің, Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттармен марапатталды. Конференция концерттік бағдарламаға ұласып, эстрада жұлдыздарынан құралған “Жігер” тобы әннен шашу шашты. Сонымен қатар, аудандық мәдениет үйінің әншілері де әуелете ән шырқады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-sarysu/press/news/details/1283072?lang=kk

Жауап қалдыру