Қазақстанда Кертағының (Пржевальский жылқысының) екінші құлыны дүниеге келді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстанда Кертағының (Пржевальский жылқысының) екінші құлыны дүниеге келді. Бұл жолы Умбра есімді бие құлындады.

Бұл — Кертағыны (Пржевальский жылқысын) тарихи мекеніне қайтару жөніндегі халықаралық бағдарлама аясында Қазақстанда туған екінші төл. Алғашқы құлын 2026 жылғы 22 тамызда «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерваты аумағындағы «Әліби» жабайы тұяқты жануарларды реинтродукциялау орталығында дүниеге келген болатын.

Қазір Умбра мен құлын бірге. Мамандар олардың жағдайы мен мінез-құлқын бақылап отыр.

Екінші төлдің дүниеге келуі Қазақстанға әкелінген Кертағылардың (Пржевальский жылқыларының) дала жағдайына бейімделіп, табиғи жолмен көбейіп жатқанын көрсетеді. Бұл алдағы уақытта табиғи ортада өздігінен көбейетін тұрақты популяция қалыптастыру үшін маңызды.

Кертағыны (Пржевальский жылқысын) Қазақстанға әкелу 2024 жылы басталды. Алғашқы жылы Еуропадан жеті жылқы жеткізілді. 2025 жылы тағы жеті, 2026 жылы сегіз жылқы әкелінді.

Кертағы (Пржевальский жылқысы) — Еуразияда сақталған жабайы жылқылардың соңғы түрі. ХХ ғасырда ол жабайы табиғаттан жойылып кеткенімен, хайуанаттар бақтарында сақталып, кейін халықаралық бағдарламалар арқылы табиғи мекеніне қайта жіберіле бастады. Қазақстан да қазір осы түр қайта жерсіндіріліп жатқан елдердің қатарында.

Жоба Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, Прага хайуанаттар бағы, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы (ҚБСА), Франкфурт зоологиялық қоғамы, Нюрнберг хайуанаттар бағы, Берлин Тирпаркі және «Хортобадь» ұлттық паркінің ынтымақтастығы негізінде, Лейбниц атындағы хайуанаттар бағы мен жабайы табиғатты зерттеу институтының (IZW) ғылыми және ветеринариялық қолдауымен жүзеге асырылуда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/1282604?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді