Қазақстанда құны $78,6 млрд болатын 215 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда
Қазақстанда жаңа инвестициялық цикл қалыптасып, экономиканың сапалы әрі технологиялық дамуына басымдық берілуде. Қазіргі таңда KAZAKH INVEST портфелінде жалпы құны $78,6 млрд болатын 215 жоба бар. Бұл жобалар іске асқан жағдайда 88 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жобалардың 93-і ($32,2 млрд) қазірдің өзінде жүзеге асырылуда, ал 122 жоба ($46,4 млрд) пысықталу кезеңінде. Инвестициялық саясатта өңдеу өнеркәсібі, терең өңдеу, жоғары технологиялық өндірістер және жоғары қосылған құны бар өнімдерді жергіліктендіру негізгі бағыттарға айналып отыр. Сондай-ақ фармацевтика, энергетика, металлургия, агроөнеркәсіп кешені, инфрақұрылым және денсаулық сақтау салаларына ірі инвестициялар тартылуда. Мәселен, 2026 жылдың басынан бері жалпы сомасы шамамен 4,4 трлн теңгеге 25 инвестициялық келісім жасалған. Бұл жобалар Қазақстан экономикасын әртараптандыруға, жаңа өндірістер ашуға, отандық өнім көлемін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Қазақстан инвестиция тартумен қатар, инвестицияның сапасын арттыруға бағытталған жаңа кезеңге қадам басып отыр.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-alakol-akzhar/press/news/details/1283091?lang=ru

Жауап қалдыру