«ТАМЫЗ КЕҢЕСІ – 2026»: БІЛІМ БЕРУДІҢ БОЛАШАҒЫНА БАҒДАР

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жуалы ауданында жаңа оқу жылына дайындықты пысықтап, білім беру саласының өзекті міндеттерін айқындауға арналған дәстүрлі «Тамыз кеңесі – 2026» аудандық кеңесі өтті.

Биылғы тамыз кеңесі «Білім берудің болашағы: құндылықтар, жасанды интеллект және адами капитал» тақырыбына арналды. Басқосуда білім сапасын арттыру, ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие, заманауи технологияларды білім беру үдерісіне тиімді енгізу және педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру мәселелері кеңінен қамтылды.

Кеңес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталып, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменованың бейнеқұттықтауы көрсетілді.

Жиында Жуалы ауданының әкімі Жалғас Алижанұлы Мұртаза ұстаздар қауымын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, білім саласының ел болашағын қалыптастырудағы айрықша рөлін атап өтті.

— Ұстаз еңбегі – ұлт болашағына салынған инвестиция. Бүгінгі білім беру жүйесі жаңашылдықты ғана емес, ұлттық құндылықтарды, адамгершілік пен жауапкершілікті қатар талап етеді. Сондықтан жаңа оқу жылында әрбір білім беру ұйымының алдында маңызды міндеттер тұр, — деді аудан басшысы.

Ұстаз еңбегі – елдің ертеңіне қосылған үлес

Тамыз кеңесінің маңызды бөлігі – білім саласында жемісті еңбек етіп жүрген педагогтер мен сала қызметкерлерін марапаттау рәсіміне арналды.

Жуалы ауданынан бірқатар ұстаздар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің, Жамбыл облысы әкімінің, аудан әкімінің, аудандық мәслихат төрағасының және облыстық білім басқармасының марапаттарына ие болды.

Марапатталғандардың қатарында білім саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан ардагер ұстаздар, мектеп басшылары, пән мұғалімдері, мектепке дейінгі ұйым тәрбиешілері және білім саласының өзге де қызметкерлері бар.

Бұл – ұстаз еңбегінің бағалануы ғана емес, жас ұрпақтың сапалы білім алып, саналы азамат болып қалыптасуына қосылған үлестің мойындалуы.

Сонымен қатар аудандық білім беру ұйымдарының жетістіктері де назардан тыс қалмады.

Облыстық рейтинг қорытындысы бойынша №27 Диқан орта мектебі «Үздік шағын жинақталған мектеп» номинациясына ие болып, 1 миллион теңгелік сертификатпен марапатталды.

Білім беру ұйымдарын 71 критерий бойынша саралау нәтижесінде жоғары көрсеткішке қол жеткізген мектептер де марапатталды. Атап айтқанда, №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназиясы «Үздік инновация режиміндегі мектеп-гимназия», №19 Дінмұхамед Қонаев атындағы мектеп-гимназиясы «Үздік өзін-өзі дамыту режиміндегі мектеп-гимназия», ал №15 Әлихан Бөкейхан атындағы тірек мектеп-лицейі «Үздік өзін-өзі дамыту режиміндегі тірек мектеп-лицейі» аталымдары бойынша арнайы сертификаттарға ие болды.

Бұл жетістіктер – аудан педагогтерінің кәсіби ізденісі мен жаңашылдыққа ұмтылысының, білім сапасын арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі.

Жас мамандарға – үлкен сенім

Кеңес барысында білім саласына жаңадан қадам басқан жас мамандарға да ерекше көңіл бөлінді.

Биыл GPA көрсеткіші 3,33 пайыздан жоғары болған алты жас маман ауданның алты білім беру мекемесіне конкурссыз негізде жұмысқа қабылданды.

Ұстаздық жолын енді бастаған жас мамандарға ақ батасын беріп, білім эстафетасын табыстау үшін сан жылдық еңбегімен ауданның білім саласына өзіндік үлесін қосқан ардагер ұстаз Нұриден Қуанышбайұлы Нұрғабылов арнайы шақырылды.

Ардагер ұстаз жас мамандарға өзінің жүрекжарды тілегін айтып, ұстаздық жолдың жауапкершілігі мен абыройын атап өтті. Символдық түрде білім эстафетасының шырағын табыстауы – ұрпақтар сабақтастығы мен ұстаздық дәстүрдің жалғастығын айшықтаған ерекше сәт болды.

Жетістікке жетелеген жол

Жиын барысында өткен оқу жылындағы аудан білім беру саласының жетістіктерін қамтыған «Жетістікке жетелеген жол» атты бейнеролик көрсетілді.

Онда оқушылардың олимпиадалар мен ғылыми жобалардағы жеңістері, шығармашылық және спорттық байқаулардағы жетістіктері, сондай-ақ кәсіби шеберлігімен танылған педагогтердің еңбегі көрініс тапты.

Аудандық білім бөлімінің басшысы Бахыт Рахымжанқызы Шертаева баяндама жасап, жаңа оқу жылындағы негізгі басымдықтарға тоқталды. Білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби дамуы, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, оқушылардың бойына ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды сіңіру мәселелері кеңінен сөз болды.

Жиын барысында педагогтердің тәжірибесімен бөлісуіне мүмкіндік беріліп, жарыссөз алаңында білім беру саласының өзекті мәселелері талқыланды.

Ұлттық құндылық пен өнер – тәрбие өзегі

Тамыз кеңесінің қорытынды бөлімі тағылымды мәдени бағдарламамен жалғасты.

Сахна төрінде ұстаздар мен оқушылар ұлы тұлғалардың тағылымды сөздерін оқып, «Рух», «Мектебім», «Атамекен» әндері шырқалды. Қазақ биі, орыс биі орындалып, жас өнерпаздар өз өнерлерін паш етті.

Ұлттық өнердің ажырамас бөлігі – домбыра үні де кеңес төрінен орын алды. Балалар өнер мектебінің жас күйшілері күй орындап, көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады.

Осылайша, «Тамыз кеңесі – 2026» жаңа оқу жылына нақты міндеттер мен айқын мақсаттар белгілеген маңызды алаңға айналды.

Бүгінгі білім – ертеңгі елдің келбеті. Ал сол білімнің сапасы ұстаздың біліміне, ізденісіне, жауапкершілігіне және жүрек жылуына тікелей байланысты.

Жаңа оқу жылы – жаңа мүмкіндіктер мен жаңа жетістіктер кезеңі болсын!

Жуалы ұстаздарына шығармашылық табыс, шәкірттеріне биік белестер, білім саласына толағай жетістіктер тілейміз!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-zhualy/press/news/details/1283217?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді