«Таза Қазақстан»: Алматыда GREEN UP экологиялық жобасы іске қосылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Алматыда «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында GREEN UP экологиялық жобасы басталды. Бастаманың таныстырылымы 31 тамызда қаладағы №224 мектепте өтті. Жоба ECO Network қатысуымен, қаланың Экология және қоршаған орта басқармасы мен Eco Almaty қолдауымен жүзеге асырылып отыр.

GREEN UP жобасы оқушылар мен олардың отбасыларында қалдықты бөлек жинау, жауапты тұтыну және табиғи ресурстарға ұқыпты қарау секілді экологиялық әдеттерді қалыптастыруға бағытталған.

Алғашқы пилоттық жоба Бостандық ауданында қолға алынған. Green APP Almaty бағдарламасы аясында аудандағы балабақшалар, мектептер мен колледждерді біріктіру жоспарланған. Марков көшесі, 44 мекенжайындағы және Satbayev University-дегі Эко-хабтар, сондай-ақ econetwork.me цифрлық платформасы бастаманың негізіне айналды.

Қатысушылар қайталама шикізатты үйде жинап, Эко-хабтарға тапсыра алады. Нәтиже мобильді қосымшада тіркеліп, білім беру ұйымдарының жалпы рейтингінде ескеріледі. Сондай-ақ, экологиялық акциялар мен еріктілік іс-шараларға қатысқаны үшін ұпай жинауға болады.

№224 мектептің директоры Райза Ахметова экологиялық әдеттерді ерте жастан қалыптастырудың маңызын атап өтті.

«Біздің мақсатымыз – оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды күнделікті әдетке айналдыру. Баланың табиғатты қорғау қажеттігін біліп қана қоймай, өзінің іс-әрекеті арқылы оны сақтауға нақты үлес қоса алатынын түсінуі маңызды», – деді Райза Ахметова.

Таныстырылым барысында оқушыларға қалдықты қалай дұрыс сұрыптау керектігі және қандай материалдардың қайта өңдеуге қабылданатыны көрсетілді. Оқушылар макулатура мен пластик қалдықтарын да әкеліп, қайта өңдеуге тапсырды.

Жоба авторы Евгений Мұхамеджанов экологиялық әдет тәжірибе және бүкіл отбасының атсалысуы арқылы тиімді қалыптасатынын жеткізді.

«Экологиялық мәдениет адамның күнделікті қарапайым әрекетінен басталады. Егер бала үйде қалдықты сұрыптап, оларды қайта өңдеуге тапсырса, уақыт өте келе бұл іске бүкіл отбасы қосылады. Біздің міндетіміз – экологиялық жауапты әрекетті түсінікті, қолжетімді әрі қызықты ету», – деді Евгений Мұхамеджанов.

Алдағы уақытта қатысушылар экологиялық клубтар құрып, бастамаларын ұсынып, қала табиғатын қорғау акцияларына қатыса алады. Сондай-ақ, мектеп оқушыларына, колледж студенттеріне, ата-аналар мен білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне арналған еріктілік бағдарлама қарастырылған.

Жобада ынталандыру тетігі де қарастырылған. Белсенді қатысушылар мен білім беру ұйымдары және қайталама шикізаттың белгілі бір түрлерін жинағаны үшін марапатталады. Болашақта бұл үлгіні Алматының басқа аудандарына да енгізу жоспарланып отыр.

GREEN UP экологиялық ағартуды, цифрлық құралдар мен нақты іс-әрекеттерді ұштастыра отырып, қалдықтарға жауапкершілікпен қарауды күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналдыруды көздейді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1282859?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді