
Атырау облысында Исатай станциясының теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Жаңартылған вокзал заманауи, жайлы әрі ыңғайлы бола түсті. Бұл жолаушыларға қызмет көрсету жағдайларын жақсартуға және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Исатай станциясының теміржол вокзалы 1970 жылы салынған. Жоба аясында бір қабатты ғимаратқа кешенді реконструкция жүргізілді. Нәтижесінде вокзалдың жалпы алаңы 129,3 шаршы метрден 214,65 шаршы метрге дейін ұлғайтылды.
Қайта жаңғырту барысында ғимараттың қаңқасы мен шатырын орнату жұмыстары жүргізіліп, сыртқы және ішкі әрлеу орындалды, ішкі инженерлік желілер жаңартылып, іргелес аумақ абаттандырылды. Ғимаратқа жаңа жиһаз және қажетті құрал-жабдықтар орнатылды.
Вокзалдың қасбеті алюминий композиттік панельдермен қапталған. Ішкі әрлеу жұмыстарында сәндік сылақ және жақсартылған су эмульсиялы бояу қолданылды. Алюминий рейкалардан жасалған аспалы төбелер орнатылып, еден жабыны ретінде керамогранит пен линолеум пайдаланылды. Реконструкция жұмыстарын жүргізу кезінде отандық өндірістің материалдары қолданылды.
Исатай станциясының вокзалы 2-санаттағы вокзалдарға жатады. Станция арқылы Атырау, сондай-ақ Ресей, Өзбекстан және Тәжікстанмен теміржол қатынасын қамтамасыз ететін 10 жолаушылар пойызы өтеді.
Исатай станциясының вокзалын реконструкциялау жолаушылар инфрақұрылымын жаңғырту бойынша жүйелі жұмыстар аясында жүргізіліп, жолаушылар үшін жайлы, қауіпсіз және қолжетімді жағдайлар жасауға бағытталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/1283251?lang=ru

Жауап қалдыру