
Қарағанды облысында Жарық станциясының теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Нысанды жаңарту Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан теміржол вокзалдарын жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарлама аясында жүргізілді.
Жарық станциясының теміржол вокзалы 1936 жылы салынған. Қайта жаңғырту жұмыстары барысында жалпы ауданы 484 шаршы метр болатын ғимарат кешенді түрде жаңартылды. Бір қабатты вокзал ғимараты жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығына қойылатын заманауи талаптарға сай жөндеуден өтті.
Жоба аясында ғимараттың шатырын монтаждау, сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары, кәріз, су, жылу және электрмен жабдықтау инженерлік желілерін жаңарту жұмыстары жүргізілді. Перрон қайта жаңғыртылып, оған іргелес аумақ абаттандырылды, жаңа жиһаздар мен қажетті жабдықтар орнатылды.
Әрлеу материалдарының сапасына және жолаушылар үшін жайлы орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінді. Ғимараттың қасбеті сұйық травертинмен әрленді. Ішкі бөлмелерде ұзақ мерзімге жарамды, өрт қауіпсіздігі талаптарына сай және оңай жуылатын материалдар пайдаланылды. Еден жабындары гранит, керамогранит және коммерциялық линолеумнан жасалды. Жөндеу-құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында отандық өндірістің материалдары қолданылды.
Қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында жаңа эвакуациялық жолдар ұйымдастырылып, қолданыстағы өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес есіктер орнатылды.
Жарық станциясының вокзалы I санатты вокзалдарға жатады. Жолаушылардың орташа тәуліктік ағыны шамамен 142 адамды құрайды. Станция арқылы Астана, Қарағанды, Қостанай, Шу, Алматы, Ақадыр, Отар, Көкшетау, Бурабай курорттық аймағы, Петропавл, Балқаш, Достық, Павлодар, Тараз, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Жезқазған және Семей қалаларымен теміржол қатынасын қамтамасыз ететін 30 жолаушылар пойызы өтеді.
Вокзалды қайта жаңғырту жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға, жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға, сондай-ақ теміржол инфрақұрылымы нысанының сыртқы келбетін жақсартуға бағытталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/1282959?lang=ru

Жауап қалдыру