
Жол-техникалық инспекция қызметкерлерінің мойнында үлкен жауапкершілік бар. Қала тұрғындары әлі ұйқыда жатқанда, олар қызметтерін бастап, көшелер мен жолдардың қауіпсіз жағдайын бақылауға кіріседі. Күн сайын таңертең, көлік қозғалысы қарқын алғанға дейін, инспекторлар қаланың көше-жол желісін тексереді, жөндеу жұмыстары кезінде белгіленген талаптардың сақталуын қадағалайды, жол белгілері мен бағдаршамдардың дұрыс орнатылуын бақылайды, сондай-ақ жолдағы ақауларды жою жөнінде нұсқамалар береді.
Жолдағы әрбір шұңқыр, жарамсыз жол белгісі, өшкен жол таңбасы немесе жұмыс істемейтін бағдаршам жол-көлік оқиғасына себеп болуы мүмкін.
– Біздің басты міндетіміз – жолдарды тиісті деңгейде күтіп ұстау арқылы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Жолдарды күтіп ұстау бойынша кешенді шараларға жол төсеміндегі ақауларды жою, жол белгілерін орнату, жол жиектерін тазалау, қар мен көктайғақты тазарту жұмыстары жатады. Мұның барлығы көліктің қауіпсіз әрі үздіксіз қозғалысын қамтамасыз етуге және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған, – дейді Әкімшілік полиция басқармасының аға мемлекеттік автоинспекторы Сұлтан Жүнісов.
– Соңғы жылдары көлік саны айтарлықтай артты. Сонымен қатар автокөліктердің жүк көтергіштігі мен жол төсеміне түсетін салмақ көбейді. Соның салдарынан жолдарда шұңқырлар, ойықтар, жол ойыстары мен шөгу жағдайлары пайда болады. Жұмыс барысында біз жол рейкасы деп аталатын арнайы өлшеу құралын пайдаланамыз. Оның көмегімен жолдағы шұңқырлардың ұзындығын, енін және тереңдігін анықтаймыз. Әрбір анықталған ақау міндетті түрде фотоға түсіріледі. Егер шұңқырдың көлемі мемлекеттік стандартта белгіленген нормативтік талаптардан асып кетсе, жолдың меншік иесіне ақауды жою туралы нұсқама беріледі, – дейді Әкімшілік полиция басқармасының мемлекеттік автоинспекторы Асхатбек Омаров.
Жұмыс ауысымы аяқталып, қала өзінің қалыпты тіршілігін жалғастыра бергенімен, инспекторлардың қызметі мұнымен тоқтамайды. Өйткені жол қауіпсіздігі тәулік уақытына қарамайды. Бұл – жол қозғалысының барлық қатысушысына ортақ күнделікті жауапкершілік.
Жол-техникалық инспекция қызметкерінің бір жұмыс күні – ондаған тексеріс, көптеген кездесулер және бір ғана ортақ мақсат: жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
Бұл бағытта жол қозғалысын ұйымдастыруды жетілдіру, жол қозғалысын қадағалау жүйесін оңтайландыру, сондай-ақ жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін әрбір қызметкердің міндеттері мен құзыретін нақты айқындау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіледі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-pavlodar/press/news/details/1282991?lang=ru

Жауап қалдыру