🔔Семейде Білім күніне орай салтанатты іс-шара өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

1 қыркүйек – Білім күніне орай Семей қаласындағы №49 мектепте алғашқы қоңырау салтанатты іс-шарасы өтті. Мерекелік шараға қала әкімі Әділет Нұрсағатұлы қатысып, ұстаздар мен оқушыларды, ата-аналарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

📊Биыл қаламызда 5 мыңнан астам бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, бірінші сыныпқа қабылданды. Ал жаңа оқу жылында білім алушылардың жалпы саны 66 мыңнан асып отыр.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында қаламызда 3 жаңа мектеп бой көтеріп, пайдалануға берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Облыс әкімі Берік Уәлиұлының қолдауымен Қарағайлы шағын ауданында 1 400 орындық заманауи BINOM мектебінің іргетасы қаланып, құрылыс жұмыстары басталды. Жаңа білім ордасы қарқынды дамып келе жатқан шағын аудандағы оқушы орындарына деген қажеттілікті азайтып, балаларымыздың сапалы білім алуына жаңа мүмкіндік береді», – деді Әділет Нұрсағатұлы.

📍Сонымен қатар жаңадан бой көтерген Оқушылар сарайы пайдалануға берілді. Заманауи нысан балалардың шығармашылық, зияткерлік және тұлғалық әлеуетін дамытуға, бос уақытын тиімді өткізуіне және қосымша білім алуына мүмкіндік беретін маңызды білім беру орталығына айналмақ.

Іс-шара барысында алғашқы қоңырау соғылып, оқушылар үшін жаңа оқу жылының шымылдығы ашылды.

Қала әкімі барша оқушыларға жаңа оқу жылында білімге деген құштарлық, тың ізденістер мен үлкен жетістіктер тілеп, ұстаздар қауымына жауапты еңбектеріне табыс тіледі.

🎓Білім күні құтты болсын!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay-semey/press/news/details/1283706?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді