
Бүгін Бірінші Мамыр ауылдық округіне қарасты Ынтымақ ауылында жаңадан салынған 150 орындық мектепте 1 қыркүйек – Білім күніне арналған алғашқы қоңырау салтанатты шарасы өтті.
Шараға Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, Қазақстан Журналистер академиясының академигі, Қазақстанның Құрметті журналисі, «Айғақ» телерадиокомпаниясының басшысы Дулат Әбіш, аудан әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Ақтаев қатысты.
Салтанатты жиында аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, білім алушыларға сәттілік тіледі.
Жалпы аумағы 2 705 шаршы метрді құрайтын жаңа білім ордасы заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мектепте оқу кабинеттері, асхана, спорт залы, футбол және волейбол алаңдары, балалардың ойын алаңдары, сондай-ақ еңбек сабақтарына арналған қосымша ғимарат қарастырылған. Құрылыс жұмыстарын «Ar Kua Group» ЖШС жүргізді.
Сонымен қатар, жаңа мектептің құрылыс жұмыстарына үлес қосқан мердігер мекеме қызметкерлеріне, мектеп ұжымына және ауыл тұрғындарына аудандық мәслихаттың Алғыс хаттары табысталды.
Жаңа білім ордасы құтты болсын! Жаңа оқу жылы оқушылар мен ұстаздарға толағай табыс әкелсін!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-tolebi/press/news/details/1283839?lang=ru

Жауап қалдыру