Алматы облысында бейінді мамандардың қабылдауы басталады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Алматы облысында тұрғындарға білікті медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында мобильді медициналық топтардың жұмысы басталады.

7 қыркүйек пен 9 қазан аралығында облыстық Денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен тәжірибелі медицина мамандарынан құралған мобильді топтар аудандық ауруханаларға барып, тұрғындарға консультациялық-диагностикалық және мамандандырылған медициналық көмек көрсетеді.

Бұл жолы мобильді медициналық топтардың жұмысы облыс орталығына жақын орналасқан аудандардың тұрғындарын қамтуға бағытталады. Яғни аудан тұрғындарымен қатар, медициналық ұйымдарға жақын орналасқан елді мекендердегі азаматтар да бейінді мамандардың қабылдауынан өте алады.

Мобильді топ құрамында онколог, акушер-гинеколог, инфекционист, кардиолог, реаниматолог-анестезиолог, балалар инфекционисті, педиатр, ревматолог, гастроэнтеролог, неонатолог, психиатр және кардиохирург сынды бейінді мамандар жұмыс істейді.

Дәрігерлер тұрғындарды қабылдап, денсаулық жағдайын бағалайды, қажетті медициналық ұсынымдар береді. Қажет болған жағдайда пациенттерге медициналық көрсетілімдер бойынша хирургиялық операциялар да жасалады.

Мобильді медициналық топтардың аудандық деңгейге шығуы тұрғындардың облыстық деңгейдегі бейінді мамандардың кеңесін алу үшін алысқа бару қажеттілігін азайтып, медициналық көмекті тұрғылықты жеріне барынша жақындатуға мүмкіндік береді.

Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Сүлейменов:

«Мобильді медициналық топтардың жұмысы – тұрғындарға сапалы әрі білікті медициналық көмекті жақындатудың маңызды бағыты. Бұл жолы облыс орталығына жақын орналасқан аудандардың тұрғындарын қамтуға басымдық беріп отырмыз. Бейінді мамандардың аудандық ауруханаларға баруы азаматтарға қажетті консультацияны уақытылы алуға, ауруларды ерте анықтауға және әрі қарайғы емдеу тактикасын дер кезінде белгілеуге мүмкіндік береді. Қажет болған жағдайда тиісті медициналық көрсетілімдер бойынша операциялық ем де жүргізіледі. Бұл – тұрғындардың медициналық қызметке қолжетімділігін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі», – деді Ержан Сүлейменов.

Айта кетейік, Алматы облысында мобильді медициналық топтардың шалғай елді мекендерге шығу тәжірибесі бұған дейін де жүзеге асқан. Білікті мамандардың аудан тұрғындарына тікелей медициналық көмек көрсетуі ауруларды ерте анықтауға, күрделі жағдайларды уақытылы бағалауға және пациенттерді әрі қарай емдеуді дұрыс ұйымдастыруға мүмкіндік беріп келеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl-densaulyk/press/news/details/1283590?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді