Астана әкімі мектеп оқушыларын Білім күнімен құттықтады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында ұстаздар мен оқушыларды білім күнімен құттықтады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Қадірлі ұстаздар, оқушылар және ата-аналар! Сіздерді 1 қыркүйек – Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күн әрдайым ерекше көңіл күй сыйлайды: қуанышты кездесулер, оқушылардың толқынысы, жаңа үміттер мен ауқымды жоспарлар қатар өріледі.

Бүгін, әсіресе, бірінші сынып оқушылары үшін айрықша күн. Биыл елорда мектептерінің табалдырығын 33 мың бүлдіршін алғаш рет аттады. Алда алғашқы сабақтар мен бағалар, жаңа достар, білікті ұстаздар мен талай қызықты жаңалықтар күтіп тұр. Әрбір бірінші сынып оқушысына бұл маңызды қадамды нық сеніммен бастап, әлемді танып-білуге деген құштарлығы арта беруін тілеймін.

Жоғары сынып оқушылары үшін жаңа оқу жылы маңызды шешімдер қабылдап, болашаққа бастар бағытын айқындайтын жауапты кезең болмақ. Ал студенттерге таңдаған мамандығын терең меңгеріп, тың идеялар ұсынып, өз білімін үнемі жетілдіруге ұмтылуын тілеймін.

Біздің міндетіміз – әрбір бала сапалы білім алып, өз қабілетін ашып, мүмкіндіктерін, әлеуетін толық жүзеге асыра алатын жағдай жасау. Осы мақсатта елордада жаңа мектептер салып, қолданыстағы білім беру нысандарын жаңартып, олардың материалдық-техникалық базасын нығайтып, педагогтерге қолдау көрсетіп келеміз.

Ұстаздар қауымына айрықша алғысымды білдіремін. Сіздердің білімдеріңіз, шыдамдылықтарыңыз бен мамандыққа адалдықтарыңыз балалардың өзіне деген сенімін нығайтып, өмірден өз жолын табуына ықпал етеді.

Жаңа оқу жылы жемісті ізденістерге, тың білім мен толағай жетістіктерге толы болсын! Білім күні құтты болсын!» – деп жазды Жеңіс Қасымбек.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1283738?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді