
Бүгін, 1 қыркүйек күні Астана мектептерінде жаңа оқу жылындағы алғашқы сынып сағаттары өтіп жатыр. 1-11 сынып оқушыларына арналған сабақтар «Қазақстан Республикасының Конституциясы: адал азамат, зерделі ұлт және жауапты қоғам қалыптастырудың негізі» тақырыбына арналды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Сынып сағаттары «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Оқушыларға Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың маңызы түсіндіріліп, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, азаматтық жауапкершілікті арттыруға және ұлттық құндылықтарды құрметтеуге ерекше мән берілді.
Сондай-ақ «Адал азамат», «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп» және «Толық адам» құндылықтарына айрықша назар аударылды. Оқушылармен өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарау, заң талаптарын сақтау, өзгелерді құрметтеу және қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәселелері талқыланды.
Жаңа 2026-2027 оқу жылында елордадағы 206 орта білім беру ұйымында 337 мыңнан астам бала білім алып жатыр. Оның 33 мыңға жуығы биыл алғаш рет мектеп табалдырығын аттады.
Оқу жылының басталуына орай елорданың білім беру ұйымдарында кешенді дайындық жүргізілді. Қауіпсіздік мәселелеріне, интернет байланысының сапасына, санитарлық жағдайға және тамақтандыруды ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінді. Барлық мемлекеттік мектеп бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған. Камералар мен дабыл түймелері Бірыңғай ахуалдық орталыққа және Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылған.
Оқушыларды оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету үшін биыл 14 баспадан 1,2 миллионнан астам дана кітап сатып алынды. Мемлекеттік мектептердің бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік осал санаттағы балалардың барлығы тегін ыстық тамақпен қамтылды.
Сонымен қатар жаңа оқу жылы қарсаңында елордадағы №13, №41, №72, №73, №79, №82 және №86 мектептерінің жанынан жеті қосымша оқу ғимараты, сондай-ақ екі жекеменшік мектеп ашылды. Жаңа нысандар қосымша оқушы орындарын қалыптастырып, жұмыс істеп тұрған мектептерге түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1283384?lang=ru

Жауап қалдыру