
Кентау қаласында жаңа оқу жылының басталуына орай барлық білім беру ұйымдарында Білім күніне арналған алғашқы қоңырау салтанаты өтті. Мерекелік шаралардың бірі Ә.Молдағұлова атындағы №19 жалпы орта мектебінде ұйымдастырылып, оған Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов қатысты.
Қала басшысы ұстаздар мен оқушыларды, ата-аналарды жаңа оқу жылымен құттықтап, жас ұрпаққа сапалы білім мен жарқын жетістіктер тіледі.
–Білім – ел болашағының айқын көрінісі. Ал сол білімнің биігіне ұмтылған жас ұрпақ – Кентауымыздың ең үлкен байлығы. Кентаулық оқушылар оқу, ғылым, өнер, спорт және түрлі шығармашылық бағыттарда өз қабілеттерін танытып, қаламыздың мерейін республикалық және халықаралық деңгейде көтеріп келеді.Олимпиадалар мен ғылыми жобаларда, пәндік байқаулар мен зияткерлік сайыстарда жүлделі орындарға ие болып жүрген оқушыларымыздың әрбір жетістігі – ұстаз еңбегінің, ата-ана қолдауының және баланың талпынысының нәтижесі, – деген қала әкімі ұстаздарға жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі еңбектері үшін алғыс білдіріп, оқушыларды білімге ұмтылуға шақырды.
Салтанатты шараның ерекше сәтінде мектеп табалдырығын алғаш аттаған егіздер Алпамыс Пернебек пен Ясина Пернебек жаңа оқу жылының алғашқы сыңғырлаған қоңырауды соқты.
Мерекелік жиында оқушылар тарапынан білім күніне арналған әсем әндер шырқалып, жыр-шумақтар оқылып, ұстаздар мен ата-аналарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Шара соңында қала әкімі мектеп сыныптарын аралап, оқушылармен тілдесті. Жас өрендердің жаңа оқу жылында да биік белестерді бағындырып, Кентау қаласының абыройын асқақтата беретініне сенім білдірді.
Айта кетсек, жаңа оқу жылында Кентау қаласындағы 31 мектепте 21 683 оқушы білім алады. Білім беру саласында 2197 мұғалім еңбек етуде. Биыл мектеп табалдырығын алғаш рет 2 010 бүлдіршін аттап, 1-сыныпқа қабылданды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kurylys/press/news/details/1283881?lang=ru

Жауап қалдыру