БІЛІМ КҮНІ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 9 ЖАҢА МЕКТЕП ПЕН ҚОСЫМША ҒИМАРАТТАРЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
 
Түркістан облысында білім күнінде жаңа мектептер пайдалануға берілді. Солардың бірі Түркістан облысы Қазығұрт ауданында ашылды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Шарбұлақ ауылындағы 300 орындық «Шарбұлақ» жалпы білім беретін мектебінің жаңа ғимаратының ашылу салтанатына қатысып, жұртшылықты құттықтады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы Тамыз кеңесінде балалардың сапалы білім алуы мен қауіпсіздігіне баса мән беруді тапсырды. Бүгін қасиетті Қазығұрт өңірінде тұрғындардың өтініші бойынша заманауи мектеп пайдалануға беріліп, осы ауылдағы білім беру ғимаратының мәселесі шешіліп отыр. Түркістан облысында мыңнан аса мектеп, 550 мыңнан аса оқушы бар. Біз білім саласына қолдауды жалғастырамыз. Баршаңызды жаңа ғимаратпен және Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын, – деді Нұралхан Көшеров.
ҰҚК-нің Түркістан облыстық департаментінің басшысы Болат Қалмұрзаев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейдулла Сеңгірбаев та ауыл тұрғындарын қуанышты сәтпен құттықтады.
Жергілікті тұрғындар мен ата-аналар, ұстаздар қауымы білім саласына қолдау көрсеткен облыс басшылығына алғыстарын білдірді.
Жаңа мектептің жалпы құны – 1,9 млрд теңге. Нысан 3 қабаттан тұрады. Мұнда 300 орындық асхана, 30 орындық оқу залы бар кітапхана, спорт залы, шеберхана, медициналық кабинет және заманауи оқу сыныптары қарастырылған. Мектеп қажетті инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтылған. Атап айтқанда, нысан электрмен, жылумен және сумен жабдықтау жүйелерімен қамтамасыз етіліп, кәріз жүйесі жүргізілген.
Мектеп орналасқан жер телімінің жалпы ауданы – 7 125 шаршы метр, ал ғимараттың аумағы – 4 353 шаршы метр. Құрылыс жұмыстары 2026 жылғы тамызда толық аяқталды.
Мектептің ашылу салтанатынан кейін өңір басшысы мен тұрғындар мектепті аралап, ғимаратпен танысты. Мұнда оқушылардың білім алуына барлық жағдай жасалған. Шарбұлақтық оқушылар жаңа оқу жылын жаңа білім ұясында қарсы алды.
Айта кетейік, еліміздегі білім беру мекемелерінің 14%-ы Түркістан облысына тиесілі. Қазіргі таңда облыста 1106 мектеп, 1441 мектепке дейінгі ұйым, 43 колледж, 42 қосымша білім беру мекемесі, 40 арнайы білім беру ұйымы, 4 балалар үйі, 3 кешкі мектеп және 2 оқу-өндірістік комбинаты жұмыс істейді. Білім беру ұйымдарында 550 мыңнан астам бала білім алуда. Яғни, Қазақстандағы әрбір жетінші оқушы –Түркістан облысының тұрғыны.
Осыған байланысты облыста білім беру инфрақұрылымын дамытуға айрықша мән беріліп отыр. 2024-2025 жылдары өңірде 29 «Келешек мектебі» пайдалануға берілді. Сонымен қатар облыстық бюджет есебінен 13 білім беру нысаны салынып, бірқатары тапсырылуда.
Ал 2027-2029 жылдары жобалық қуаты 16 830 оқушы орнына арналған тағы 58 білім беру нысанын іске қосу жоспарланған. Оның ішінде 40 жаңа мектеп және 18 қосымша ғимарат бар. Бұл жобалар мектеп жоқ 3 елді мекенде жаңа мектеп салуды, сондай-ақ 15 саман мектеп пен 20 ыңғайластырылған мектептің мәселесін шешуді көздейді.
Түркістан облысында 50 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барды.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, күрделі жөндеуді және жаңғыртуды қажет ететін 115 мектепке реновация жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 2025 жылы – 41, 2026 жылы – 38, 2027 жылы – 36 мектепті жаңғырту жоспарланған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1283526?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді