
ЦИФРЛЫҚ ОҢАЛТУ: ТЕХНОЛОГИЯ МАМАН МЕН ОТБАСЫҒА ҚАЛАЙ КӨМЕКТЕСЕДІ?
Цифрлық технологиялар оңалту жүйесінің мүмкіндігін кеңейтіп келеді. Бүгінде оңалту көмегі орталықтағы немесе маман кабинетіндегі қызметпен ғана шектелмейді. Заманауи цифрлық құралдар оңалту бағдарламасын үйде жалғастыра отырып адамның жағдайындағы өзгерістерді қадағалауға, маман мен отбасы арасындағы тұрақты байланысты сақтауға жағдай жасайды. Осылайша оңалту бағытын дер кезінде анықтауға мүмкіндік туады. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы осындай технологиялық шешімдерді оңалту саласына енгізіп келеді. Негізгі мақсат – маман жұмысын толықтырып, оңалту көмегін адам мен оның отбасына қолжетімді әрі жеке қажеттіліктерге бейім ету. Орталық 2024 жылдан бері «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен және Министрлікпен бірлесіп «QH. Мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту» жобасын іске асырып келеді. Қазір жоба Шымкент қаласы мен Қызылорда, Павлодар және Абай облыстарында жалғасып жатыр. Маңызды ерекшеліктерінің бірі – оңалту жұмысының үйде де жалғасуы. Мамандармен өткізілген сабақтан кейін бала өзіне жеке іріктелген жаттығуларды үйде орындайды. Ата-аналар берілген ұсынымдар мен тапсырмалардың орындалғанын цифрлық оңалту күнделігіне белгілейді. Ал мамандар баланың жағдайындағы өзгерістерді қадағалап, қажет болса, оңалту бағдарламасын түзете алады. Осының арқасында маман мен отбасының байланысы кезекті қабылдаумен шектелмей, оңалту жұмысы үздіксіз жалғасады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-zhetysu/press/news/details/1283322?lang=ru

Жауап қалдыру