Еңбек министрі оқушылар мен ұстаздарды, ата-аналарды Білім күнімен құттықтады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қымбатты оқушылар, құрметті ұстаздар мен ата-аналар!

Баршаңызды жаңа оқу жылының басталуымен бірге келетін айтулы мереке – Білім күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Білім – адамға бағыт-бағдар беріп, оның мүмкіндігін кеңейтетін, елдің ертеңін айқындайтын ең маңызды құндылықтардың бірі. Ұлы ақын Абай атамыз: «Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез», – деп білім мен талапты ұштастыра отырып, ізденіс пен еңбектің адам өміріндегі маңызын терең танытқан.

Бүгін – әсіресе мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер үшін ерекше күн. Қолдарына алғаш рет қалам ұстап, білім әлеміне қадам басқан бүлдіршіндердің қуанышын ата-аналары мен жақындары да бірге бөлісуде. Баланың мектепке алғаш келуі – оның өміріндегі жаңа кезеңнің бастауы ғана емес, әр отбасы үшін жүрекке жылы, есте қаларлық сәт.

Қымбатты оқушылар! Алдарыңызда біліммен қатар, жаңа мүмкіндіктер мен үлкен мақсаттарға толы кең жол тұр. Мектеп – тек білім алатын орын ғана емес, адамның тұлға болып қалыптасатын, арманын айқындап, өз болашағына жауапкершілікпен қарауды үйренетін маңызды орта.

Әр сабақты жаңа мүмкіндіктің бастауы деп қабылдаңыздар. Көп оқыңыздар, ізденіңіздер, сұрақ қоюдан және қателесуден қорықпаңыздар. Өйткені үлкен жетістікке апарар жол табандылықтан, еңбектен және үздіксіз ізденістен басталады. Армандарыңыз биік, мақсаттарыңыз айқын болсын.

Қадірлі ұстаздар! Сіздердің еңбектеріңіз – ұрпақ тәрбиесі мен ел болашағына қосылған баға жетпес үлес. Ұстаздың шәкіртіне берген білімі мен тәрбиесі оның бүкіл өмір жолына ықпал етеді. Сондықтан жас ұрпаққа сапалы білім беріп, олардың бойына адамгершілік, жауапкершілік пен еңбекқорлық қасиеттерін сіңіріп жүрген барша ұстаздарға шынайы ризашылығымды білдіремін.

Құрметті ата-аналар! Балаға білім беруде мектеп пен отбасының өзара түсіністігі мен қолдауының маңызы зор. Перзенттеріңіздің әр жетістігіне қуанып, әр қадамына демеу болып, олардың арманына сеніммен қараңыздар. Балаға берілетін ең үлкен тәрбие – оның бойына білімге деген құштарлық пен еңбекке деген құрметті қалыптастыру.

Жаңа оқу жылы баршаңызға жаңа мүмкіндіктер, толағай табыстар мен жарқын жетістіктер әкелсін! Оқушылардың білімге деген қызығушылығы артып, ұстаздардың еңбегі жемісті, ата-аналардың қуанышы еселене берсін. Әр мектепте ізденіс пен жаңашылдық, әр отбасында береке мен шаттық болсын.

Білім күні құтты болсын! Жаңа оқу жылы сәтті басталып, баршаңызға үлкен жетістіктер әкелсін!

Ізгі ниетпен,
Қазақстан Республикасының
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
Асқарбек Ертаев

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/1283339?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді