
Қазақстанның авиациялық әкімшілігі мен Көлік оқиғалары мен инциденттерін тергеп-тексеру орталығы ынтымақтастықты нығайтуға, авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тергеп-тексеру кезінде Қазақстанның авиациялық әкімшілігі мен Көлік оқиғалары мен инциденттерін тергеп-тексеру орталығының рөлі мен міндеттерін нақты ажыратуға, ұшу қауіпсіздігін арттыруға және авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тергеп-тексерудің ұлттық жүйесін жетілдіруге бағытталған Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Құжатқа Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің Бас атқарушы директоры Майкл Дэниел және Көлік оқиғалары мен инциденттерін тергеп-тексеру орталығы Басқармасының төрағасы Дархан Қатышев қол қойды.
Меморандум ұйымдар арасындағы ұзақ мерзімді өзара іс-қимылды дамытуға, ақпарат пен тәжірибе алмасуды жүйелі түрде жүзеге асыруға, сондай-ақ тараптардың әрқайсысының құзыреті шегінде ұйымдастырушылық және рәсімдік мәселелерді үйлестіруге бағытталған.
Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) Стандарттары мен Ұсынылатын практикасын, оның ішінде Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның 13 және 19-қосымшаларының ережелерін ескере отырып, авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тергеп-тексерудің ұлттық жүйесін жетілдіру болмақ.
Меморандум аясында тараптар деректермен және талдамалық материалдармен алмасу, заңнаманы және қолданыстағы рәсімдерді жетілдіру, ұйымаралық өзара іс-қимыл тетіктерін әзірлеу, сондай-ақ авиациялық оқиғаларды тергеп-тексеру және олардың алдын алу саласындағы озық халықаралық практиканы енгізу мәселелері бойынша ынтымақтасатын болады.
Сондай-ақ ИКАО іс-шаралары мен аудиттеріне, оның ішінде Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы қадағалауды ұйымдастыруды тексеру жөніндегі ИКАО-ның Әмбебап бағдарламасы – Тұрақты мониторинг тәсілі (USOAP CMA) шеңберіндегі аудиттерге бірлесіп дайындық жүргізу көзделген.
Меморандумның маңызды қағидаттарының бірі – авиациялық оқиғалар мен инциденттерді тергеп-тексеру кезінде Қазақстанның авиациялық әкімшілігі мен Көлік оқиғалары мен инциденттерін тергеп-тексеру орталығы арасындағы міндеттер мен құзыреттерді нақты ажырату.
Қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру ақпарат пен кәсіби тәжірибе алмасуды күшейтуге, тәуекел факторларын анықтау мен олардың алдын алу тиімділігін арттыруға, сондай-ақ ұшу қауіпсіздігі саласында халықаралық стандарттар мен озық практикаларды одан әрі енгізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/1283440?lang=ru

Жауап қалдыру