
Қорғаныс министрлігінің болашақ офицерлер мен әртүрлі деңгейдегі командирлер даярлайтын әскери оқу орындарында жаңа оқу жылы басталды.
Білім күніне орай Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің міндетін атқарушы авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов Қорғаныс министрлігі әскери оқу орындарының басшылығы және профессорлық-оқытушылық құрамымен бейнеконференция өткізді.
Ол заманауи қарулы қақтығыстар тәжірибесіне қарай оқудың практикалық бағытын күшейтуге назар аударды.
– Даярлықтың негізін практикалық сабақтар, қару-жарақ пен әскери техниканы қолдану, командалық-штабтық жаттығулар және ұрыс жағдайларын модельдеу құрауы тиіс. Біздің міндетіміз – жаңа буын офицерін даярлау. Ол кәсіби, технологияны жетік меңгерген, бастамашыл, жағдайды жедел бағалап, негізгі шешім қабылдай алатын және сол шешімі үшін жауап бере алатын маман болуы керек, – деді ол.
Авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов әскери білім сапасы Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігі мен қабілетіне тікелей әсер ететінін атап өтті.
– Цифрландыру және жасанды интеллект жылында ұшқышсыз басқарылатын жүйелер, робототехника, цифрлық технологиялар және авиация салаларындағы жаңа мамандықтар мен даярлау бағыттарын құруға және дамытуға ерекше назар аудару қажет, – деді ол.
Әскери білім беруді цифрлық трансформациялау мәселесіне тоқталған Дәурен Қосанов жасанды интеллект технологияларын, цифрлық платформаларды, электрондық тренажерлерді, виртуалды зертханалар мен симуляциялық технологияларды оқу бағдарламасына белсенді енгізудің маңызын атап өтті.
Авиация генерал-лейтенанты оқытушылардың қағазбастылығы мен бейінді емес жүктемесін азайту қажеттігіне де тоқталды. Бұл ретте «Askeri Ziyat» ақпараттық жүйесінің бірыңғай цифрлық білім беру ортасы ретіндегі рөліне назар аударды.
– Цифрландыру оқытушыны артық жүктемеден босатып қана қоймай, білім беру сапасын арттыруы тиіс. Жасанды интеллектіні академиялық адалдықты сақтай отырып, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ең бастысы, қабылданған шешім үшін адамның жауапкершілігін сақтай отырып, сауатты әрі жауапкершілікпен пайдалану маңызды, – деді ол.
Әскери оқу орындарының ғылыми әлеуетін нығайту мақсатында ведомство басшысының міндетін атқарушы перспективалы ғылыми зерттеулер әскерлердің нақты қажеттіліктеріне сай болуы, практикада қолданылуы және тиісті сынақтардан кейін Қарулы күштердің қызметіне енгізілуі керектігін атап өтті.
Басым бағыттардың бірі ретінде болашақ офицерлерді тәрбиелеу, әскери тәртіпті нығайту және кандидаттарды іріктеу сапасын арттыру тапсырмалары белгіленді. Бұған қоса жауапкершілік, өзін-өзі тәрбиелеу, көшбасшылық қасиеттер мен әскери міндетті адал орындауға дайындықты қалыптастыруға ерекше мән беріледі.
Кеңес соңында әскери оқу орындарының басшылығы мен профессорлық-оқытушылық құрамға жаңа оқу жылына арналған нақты тапсырмалар берілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1283658?lang=ru

Жауап қалдыру