СҚО-да мүгедектігі бар балаларды оңалтуды бақылауға арналған цифрлық күнделік сынақтан өтеді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Солтүстік Қазақстан облысында үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет алатын мүгедектігі бар балаларды сүйемелдеудің жаңа тәсілін сынақтан өткізу жоспарланып отыр. Жоба барысында әр саланың мамандары тартылып, FSM Social цифрлық платформасы пайдаланылады.

Жобаны Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы жүзеге асырады. Сынақ аясында 180 баланы қамту көзделген. Оның ішінде тірек-қимыл аппараты бұзылған 20 бала және психоневрологиялық бұзылыстары бар 160 бала бар.

Басты мақсат әр балаға өзіне қажет көмекті уақытында көрсету. Сол үшін мамандар баланың жағдайын жеке бағалап, қолдау түрін соған қарай анықтайды. Жобаға 7 дәрігер, 9 логопед және 8 психолог қатысып отыр. Мамандар үйге барып жұмыс істейді, ал қажет жағдайда онлайн кеңес өткізіп, ата-аналарға баланың дамуы мен оңалуына көмектесетін кеңестер береді.

Баламен жүргізілетін жұмыстың барлық кезеңін бір жүйеге біріктіру үшін FSM Social цифрлық платформасы қолданылады. Оны оңалтудың цифрлық күнделігі деуге болады. Платформада мамандардың ұсынымдары жазылып, берілген тапсырмалардың орындалуы белгіленеді. Бұл балаға көрсетілетін көмекті жүйелі түрде жалғастыруға және мамандардың кездесулер арасындағы жұмысты бақылауына мүмкіндік береді.

Яғни көмек маманның үйге келуімен ғана шектелмейді. Ата-аналар мамандар ұсынған жаттығулар мен басқа да жұмыстарды үй жағдайында жалғастыра алады. Ал бейінді мамандар баланың оңалу барысын қашықтан бақылап, қажет болған жағдайда ұсынымдарын өзгертіп немесе толықтырып отырады.

Балаларға көмек көрсету кезінде бірнеше тәсіл қатар қолданылады. Қызметтер үйде көрсетіліп, әртүрлі сала мамандары бірлесіп жұмыс істейді. Қажет болған жағдайда цифрлық құралдар пайдаланылады. Жоба осы тәсілдердің қаншалықты тиімді екенін бағалауға мүмкіндік береді.

Жоба аяқталғаннан кейін оның нәтижелері талданып, осы тәсілдің қаншалықты тиімді болғаны бағаланады. Нәтижесіне қарай модельді Қазақстанның басқа да өңірлерінде қолдану және енгізу мүмкіндігі қарастырылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-sko/press/news/details/1283518?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді