СҚО-да полицияның аға офицерлері 1 қыркүйекті мектептерде қарсы алды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Мектептегі алғашқы қадамдар — полицейлермен бірге. Петропавлда тәртіп сақшылары Білім күнін мектептерде және оларға жақын жолдарда қарсы алып, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән берді.

Көптеген ата-ана балаларын мектепке автокөлікпен әкеледі. Көлік санының көптігі мектеп маңындағы жол қозғалысына салмақ түсіреді. Полицейлер жүргізушілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бастауыш сынып оқушыларына қауіпсіз бағытты таңдауға көмектесті. Қоғамдық тәртіпті ювеналды полиция қызметкерлері қамтамасыз етті.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің басшылық құрамындағы офицерлер барлық мектептегі салтанатты жиындарға қатысып, оқушыларды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады. Сонымен қатар күнделікті өмірде және цифрлық ортада қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін еске салды.

Жоғары сынып оқушыларымен кездесуде тәртіп сақшылары интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл, сондай-ақ жасөспірімдердің әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы қылмыстық схемаларға тартылуының алдын алу мәселелеріне тоқталды.

Мектеп табалдырығын алғаш аттаған ұл-қыздарға полиция офицерлері ҚР ІІМ әзірлеген «Заң мен тәртіп» бояма кітапшаларын табыстады. Олар балаларға қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін, Заң мен тәртіпті құрметтеудің маңызын қарапайым әрі түсінікті түрде жеткізуге арналған.

СҚО ПД бастығы Руслан Назаров М. Жұмабаев атындағы IT мектеп-лицейіне барды. Салтанатты жиында сөз сөйлегеннен кейін бастауыш сынып оқушыларымен және полиция бағытындағы «Жас сақшы» сыныбының тәрбиеленушілерімен кездесті. Балалар бұл сыныпта үшінші жыл білім алып келеді. Олар құқықтық сауаттылығын арттырып, дене дайындығын шыңдайды, сондай-ақ полиция қызметкерлері мен ардагерлерімен кездесулер барысында қызметтің ерекшеліктерімен танысады. Руслан Назаров жас сақшыларға таңдаған жолында табыс пен табандылық тіледі.

Полицейлердің мектеп іс-шараларына қатысуының басты мақсаты — оқушыларға қауіпсіздік әрқайсымыздан, яғни жауапкершіліктен, тәртіптен және айналамыздағы адамдарға деген құрметтен басталатынын еске салу.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-sko/press/news/details/1283786?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді