
2026 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті онлайн форматта кезекті қоғамдық қабылдау өткізді.
Қатысушыларға тарифтердің қалыптасуы, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту және тұтынушылардың мүдделерін қорғау мәселелері түсіндірілді.
Алдағы жылыту маусымына дайындыққа ерекше назар аударылды. Мамандар жөндеу жұмыстарының жүргізілуі, нысандардың дайындығын бақылау және жылу желілерін жаңарту туралы баяндады. Ұлттық жоба аясында шамамен 1,6 мың шақырым жылумен жабдықтау желісін жаңғыртуға 1,3 трлн теңгеге жуық инвестиция тарту жоспарланған.
Инфрақұрылымды жаңарту тақырыбы су бұру және сумен жабдықтау салаларында да жалғасын тапты. Қазіргі таңда желілердің орташа тозу деңгейі тиісінше 48% және 56%-ды құрайды. Ұлттық жобаны іске асыру мыңдаған шақырым желіні жаңартып, олардың тозуын төмендетуге және коммуналдық қызметтердің сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Электр энергетикасы саласында түпкілікті бағаның құрылымы, жария тыңдауларды өткізу тәртібі және атаулы қолдау тетігі түсіндірілді. Комитет тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермеу жөніндегі жұмысты жалғастыруда.
Жеке тақырып ретінде тауарлық газ бағасының қалыптасуы қаралды. Газдың бөлшек сауда бағасы көтерме бағадан, тасымалдау тарифінен және өткізу шығыстарынан тұрады. Осы үш құрамдастың барлығын мемлекет реттейді. Атаулы әлеуметтік және тұрғын үй көмегін алушылар үшін бағаның өсуін инфляцияның төменгі шегі деңгейінде шектейтін арнайы тетік қарастырылған.
Қоғамдық қабылдау қорытындысында тарифтік өтінімдердің заңнама талаптарына сәйкес қаралатыны, ал табиғи монополиялар субъектілерінің шығындары негізділігі тұрғысынан тексерілетіні атап өтілді. Үдерістің ашықтығы жария тыңдаулар мен «Монополист» ақпараттық базасы арқылы қамтамасыз етіледі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/krem/press/news/details/1283948?lang=ru

Жауап қалдыру