
Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров Арыс ауданында жаңадан іске қосылған жедел басқару орталығының қызметімен танысып, жұмысын тексерді. Облыстың бас полицейі жеке құрамға жаңа жүйенің маңыздылығын атап өтіп, заманауи технологияларды тиімді пайдалануды тапсырды.
Заманауи бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған орталық бүгінде аудандағы қоғамдық орындар мен жолдардағы жағдайды жедел бақылауға мүмкіндік беріп отыр. Аталған орталықтың қызметі 76 мыңнан астам тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Мәселен орталықтың бейнебақылау камералары арқылы 80-ге жуық құқық бұзушылық анықталды. Олардың қатарында қоғамдық орындарда темекі өнімдерін пайдаланған азаматтар мен жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарын бұзған жүргізушілер бар. Анықталған құқық бұзушылықтарға полиция қызметкерлері дер кезінде тосқауыл қойып, заң талаптарына сәйкес шаралар қабылдады.
Жаңа орталықтың іске қосылуы полиция жұмысының тиімділігін арттырып қана қоймай, құқық бұзушылықтарға жедел ден қоюға және қоғамдық тәртіпті тәулік бойы бақылауда ұстауға мүмкіндік береді.
Полиция заманауи технологияларды тиімді пайдалана отырып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын жалғастырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-turkistan/press/news/details/1283952?lang=ru

Жауап қалдыру