
Білім күнінде Ордабасы ауданында екі жаңа білім беру нысаны пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Төрткүл ауылдық округіндегі 200 орындық «Төрткүлтөбе» жалпы білім беретін мектебі және Ынтымақ елді мекеніндегі Сұлтан Ысқақов атындағы негізгі орта мектептің 200 орындық жаңа ғимараттары ел игілігіне тапсырылды.
Ашылу салтанатына аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдаулет Жұмабеков, облыстық мәслихат депутаты Ғани Райымбеков, аудандық мәслихат депутаттары, ауыл ақсақалдары, ұстаздар, ата-аналар мен тұрғындар қатысты. Жиын барысында аудан әкімі Азат Оралбаев ұстаздар мен оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтап, білім беру саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Мемлекеттің келешегі – білімді әрі тәрбиелі ұрпақтың қолында. Сондықтан жас ұрпаққа сапалы білім беріп, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау – басты міндеттердің бірі. Биыл ауданымызда екі жаңа типтік мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріліп отыр. Бұл – ауыл балалары үшін сапалы білім алуға жасалған маңызды мүмкіндік, – деді аудан әкімі.
Іс-шара барысында мектеп директорларына жаңа ғимараттардың кілттері табысталды. Ауыл ақсақалдары жаңа білім ұясының лентасын қиып, ауыл балаларына заманауи мектепте білім алуға мүмкіндік жасалғанына ризашылықтарын білдіріп, ұстаздар мен оқушыларға ақжолтай тілектерін жеткізді.
«Төрткүлтөбе» жалпы білім беретін мектебінің жаңа ғимаратының құрылысы 2024 жылдың шілде айында басталған. Бұған дейін оқушылар ыңғайластырылған ғимаратта білім алып келсе, енді заман талабына сай жаңа мектепте оқитын болады.
Жаңа білім беру нысандары заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда оқу кабинеттерімен қатар информатика, биология кабинеттері, зертханалар, еңбек және шығармашылық бағыттағы сыныптар, тігін шеберханалары мен спорт залдары қарастырылған.
Жаңа оқу жылында қос білім ошағында оқушыларға сапалы білім алуға қолайлы жағдай жасалып, білім ордаларының материалдық-техникалық базасы нығая түсті.
Айта кетейік, бүгінде Ордабасы ауданында 77 мектепте 37 962 оқушы білім алуда. Сонымен қатар аудандағы 61 мектепке дейінгі білім беру ұйымында 8 700 бала тәрбиеленуде. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 99 пайызға жеткен.
Ауданда білім беру нысандарын жаңғырту, материалдық-техникалық базасын нығайту және жаңа мектептер салу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kurylys/press/news/details/1283903?lang=ru

Жауап қалдыру