
Бүгін еліміздің барлық өңірлерінде білім күні мерекесі ерекше салтанатпен аталып өтуде. Меркелік шара Жетісай ауданында да жоғары деңгейде ұйымдастырылып, жаңа мектептің лентасы қиылды.
Абай ауылдық округіне қарасты Алтын кемер елді мекенінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім беру саласын дамыту, оңтайландыру тапсырмасын жүзеге асыру аясында бой көтерген 200 орындық мектептің ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков пен Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов, аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов пен «ӘДІЛЕТ» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Қайназаров, ауыл тұрғындары, зиялы қауым өкілдері қатысып, ұстаздар мен оқушыларды қатар келген қос қуаныштарымен құттықтады.
Бұған дейін кеңестік заманда салынған ыңғайластырылған ескі ғимаратта оқыған ауыл балалары енді заман талабына сай толық жабдықталған зәулім ғимаратта білім алатын болады. Мұнда ұстаздар мен оқушыларға арналған заманауи шеберханалар, кітапхана, асхана, спорт және медициналық кабинеттер, бейнебақылау жүйелері қарастырылған. Жоғары және бірінші санатты мұғалімдер құрамының пайыздық үлесін, педагогикалық қызметкерлердің біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік беретін білім ұясында оқушылардың шығармашылық әлеуетін ашуға, цифрлық сауаттылығын арттырып, қауіпсіз және ыңғайлы орта қалыптастыруға баса мән берілетін болады.
– Президентіміздің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан білім беру саласындағы ауқымды жобалар әрбірімізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Өйткені, көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан технологиялар заманында ауыл балалары да ғылым мен білімнен шет қалмауы керек. Жасалып жатқан реформаларды уақытылы меңгеріп, еліміздің болашағы үшін аянбай еңбек ететін ұлтжанды тұлға болып қалыптасулары тиіс. Бұл бағытта ұстаздар қауымына артылар сенім үлкен, – деген Нұрбол Әбдісаттарұлы жұртшылықты жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, табыс тіледі.
Айта кетейік, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің оқушылар мен ұстаздардың қауіпсіз әрі ыңғайлы ортада білім алып, жұмыс істеулерін қамтамасыз ету тапсырмасына сәйкес №57 «Сарыарқа» мектебінің құрылысы жүргізілуде. 2 мектепке реновация жұмыстары, 7 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аяқталуға жақын.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-kurylys/press/news/details/1283896?lang=ru

Жауап қалдыру