
1 қыркүйек – Білім күні Түркістан қаласында орналасқан Қазыбек би атындағы №14 жалпы білім беретін мектептің 540 орындық жаңа оқу ғимараты пайдалануға берілді.
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы аталған білім ұясында өткен алғашқы қоңырау салтанатына қатысып, оқушылармен бірге жаңа оқу жылын қарсы алды. Қала әкімі білім беру саласын дамыту, мектеп инфрақұрылымын жаңарту және оқушыларға қолайлы жағдай жасау – ел болашағына бағытталған маңызды инвестиция екенін атап өтті. Сондай-ақ ұстаздарға кәсіби ізденіс пен сапалы білім беруде табыс, ал оқушыларға білім жолында биік нәтижелер тіледі.
Қазыбек би атындағы №14 жалпы білім беретін мектептің алғашқы ғимараты 2000 жылы «Асар» әдісімен салынған. 25 жылдан астам уақыт ішінде білім ордасында мыңдаған оқушы білім алды. Соңғы жылдары мектептегі оқушы санының 500-ден асуына байланысты білім алушыларға қолайлы жағдай жасау және оқу үдерісін заманауи талаптарға сай ұйымдастыру мақсатында мектеп инфрақұрылымын жаңарту қажеттілігі туындаған. Осыған байланысты қалалық бюджеттен қаржы бөлініп, жаңа мектеп ғимаратының құрылысы 2024 жылы басталды. Құрылыс жұмыстары толық аяқталып, биыл жаңа оқу жылына орай 540 орындық жаңа оқу корпусы пайдалануға берілді.
Жаңа білім ордасында химия, биология және физика пәндеріне арналған арнайы кабинеттер, АКТ залы, заманауи кітапхана және спорт залы қарастырылған. Сонымен қатар асхана бір мезетте 100 оқушыны ыстық тамақпен қамтуға мүмкіндік береді.
Жалпы, жаңа оқу жылында Түркістан қаласындағы 84 мектепте 61 мыңнан астам оқушы білім алуда. Оның ішінде, 5505 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1283732?lang=ru

Жауап қалдыру