
БАТЫС ҚАЗАҚСТАН МЕН ОРЫНБОР ОБЛЫСТАРЫ АРАСЫНДАҒЫ ӨҢІРАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ ДАМЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Орынбор қаласының күні аясында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев пен Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы Мұрат Мұқаев бастаған батысқазақстандық делегация Ресей Федерациясының Орынбор облысында болып, бірқатар ресми кездесулер мен мәдени-көпшілік іс-шараларға қатысты.
Сапар барысында облыс әкімі Нариман Төреғалиев Орынбор облысының губернаторы Евгений Солнцевпен кездесті. Кездесуде сауда-экономикалық, агроөнеркәсіптік, көлік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ сапар аясында Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы Мұрат Мұқаев пен облыстық мәслихат депутаты, «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясының» директоры Валерий Крылов Орынбор облысының Заң шығару жиналысының төрағасы (Спикер Заксобрания) Сергей Грачевпен кездесті.
Кездесуде шекара инфрақұрылымын жетілдіру, өткізу бекеттерінің өткізу қабілетін арттыру, сондай-ақ Қазақстан мен Ресей өңірлерін байланыстыратын көлік дәліздерін тиімді пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Тараптар үшін маңызды бағыттардың бірі – Жайық өзенінің су ресурстарын сақтау және тиімді пайдалану. Бірлескен іс-қимыл нәтижесінде Ирикла су қоймасының қажетті жұмыс режимі қамтамасыз етіліп, сәуір-шілде айларында Январцево ауылы тұсындағы гидробекеттен өткен су көлемі 4 млрд текше метрге жуықтаған. Сонымен қатар Жайық өзенінің су деңгейін тұрақтандыру мақсатында су жіберу жұмыстары жыл сайын жүргізіліп келеді. Алдағы кезеңде өзенге жіберілетін су көлемін ұлғайту мәселесі де қарастырылуда.
Сондай-ақ тараптар Жайық өзенінің экологиялық жағдайына тоқталып, трансшекаралық өзеннің арнасын сақтау, тазарту және су ресурстарын тиімді пайдалану бағытында бірлескен жұмыстың маңыздылығын атап өтті.
Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперацияларын дамыту, агросекторға озық технологияларды енгізу және тәжірибе алмасу бағытындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері де қаралды.
Кездесу барысында жол инфрақұрылымының жағдайы, су тасқынының алдын алу және оның салдарын жою, спорттық инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды.
Атап айтқанда, спорт саласы бойынша Орал қаласында салынып жатқан үстел теннисі орталығына байланыстыоралдық жас спортшылар үшін Орынбор қаласында оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыру мүмкіндігі сөз болды. Сергей Грачев бұл бастаманы қолдап, тәжірибе алмасуға және спорттық байланыстарды одан әрі дамытуға дайынекенін білдірді.
Мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мақсатында қазақстандық делегация Орынбор облыстық бейнелеу өнері музейі мен Крупская атындағы облыстық кітапханаға барды. Музей қорында 8 мыңнан астам жәдігер сақталған. Ал кітапханада А.С. Пушкиннің «Капитан қызы» шығармасына арналған бірегей кітаптар коллекциясыментанысты.
Кітапхана қорындағы ең шағын басылымның көлемі небәрі 48×32 мм. Сонымен қатар Сергей Грачев кітапхана қорына 1932 жылы жарық көрген «Капитан қызы» шығармасының басылымын сыйға тартты. Өз кезегінде Мұрат Мұқаев кітапхана қорын шығарманың қазақ тіліндегі нұсқасымен толықтыруға ниет білдірді.
Сапар аясындағы кездесулер Қазақстан мен Ресейдің шекаралас өңірлері арасындағы сауда-экономикалық, әлеуметтік, мәдени және гуманитарлық байланыстарды одан әрі дамытуға бағытталды.
Тараптар өзара тиімді әріптестікті тереңдетуге, жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және Батыс Қазақстан мен Орынбор облыстары арасындағы берік достық байланыстарды нығайтуға дайын екендерін білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslihat-zko/press/news/details/1284400?lang=ru

Жауап қалдыру