
Қазақстанда қант қызылшасын жинау науқанына және одан кейінгі өңдеу маусымына дайындық жұмыстары жалғасуда. Осы саладағы белгілі кәсіпорындардың бірі – Көксу қант зауытында жаңа өнімді қабылдауға дайындық жұмыстары аяқталуға жақын.
Қазіргі таңда кәсіпорынның өңдеу қуаты тәулігіне 2 мың тонна. Жаңғырту жұмыстарының арқасында бұл көрсеткіш ағымдағы жылдың қазан айында тәулігіне 3 мың тоннаға дейін ұлғайтылады деп жоспарлануда.
Қыркүйек айының соңында кәсіпорында жаңадан орнатылған диффузиялық жабдықты монтаждау жұмыстары аяқталады.
Сонымен қатар өндірістік зертхананы жаңа құрал-жабдықтармен жарақтандыру жұмыстары жүргізілуде. Қант қызылшасының қоспалылығын және қанттылығын анықтауға арналған жаңа құрылғы қойылды.
Шикізат қабылдау үшін кәсіпорын аумағында бес БУМ машинасы әзір тұр. Дайындық жұмыстарының бекітілген кестеге сәйкес сапалы қолға алынып жатқаны жаңа өнімді уақтылы қабылдап, өңдеу кезеңінде кәсіпорынның үздіксіз жұмысын қамтамасыз етудің кепілі.
Ауыл шаруашылығы министрлігі зауыттарды қант қызылшасын өңдеу маусымына дайындау жұмыстарын үйлестіруді жан-жақты қолға алуда.
Атап айтқанда, қазан айында Тараз қант зауытында тәулігіне 3 мың тонна өнім өңдейтін желі орнату жұмыстары аяқталады.
Сонымен қатар министрлік қант қызылшасы егілетін алқаптардың көлемін ұлғайту бойынша жұмысты жалғастыруда.
Биыл қант қызылшасы 23,8 мың гектар алқапқа егілді. Негізгі егіс алқаптары Жамбыл облысы мен Жетісу облысында шоғырланған.
Аталған шараларды іске асыру өндіріс көлемін ұлғайтуға және отандық өңдеу кәсіпорындарының өндірістік қуатын тиімді пайдалануға бағытталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1284311?lang=ru

Жауап қалдыру