
Капитал нарығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған бағдарламасының жобасы бағалы қағаздарды шығару және орналастыру рәсімдерін оңайлатуды көздейді. Құжатты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық Банкпен, нарыққа қатысушылармен және сараптамалық қоғамдастықпен бірлесіп әзірледі.
Қазіргі уақытта компаниялардың қор нарығына шығу процесі олардың өкілеттіктеріне сәйкес бірнеше ұйымдардың қатысуын көздейді. Агенттік бағалы қағаздар шығарылымын тіркейді, Орталық депозитарий оған халықаралық сәйкестендіру нөмірін береді және құқықтардың есебін жүргізеді, ал қор биржасы листинг жүргізеді. Олардың арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру ақпарат беруді біріздендіруге және шығарылымды сүйемелдеуді жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Ол үшін акциялар мен облигацияларды шығару мен орналастырудың бірыңғай цифрлық терезесін құру ұсынылады, оның операторы ретінде Орталық депозитарийді айқындауды жоспарлайды. Цифрлық кабинет арқылы эмитент шығарылымды, листингті тіркеу және басқа да қажетті рәсімдерден өту үшін стандартталған құжаттар жинағын бір рет тапсыра алады.
Жүйе құжаттардың толықтығы мен форматын автоматты түрде тексереді, оларды Агенттікке, биржаға және Орталық депозитарийге жібереді, сондай-ақ қарау барысын, келіп түскен ескертулерді және белгіленген мерзімдерді көрсетеді. Құжаттар қатар қаралады, ал эмитент процеске қатысушылардың келісілген позициясын алады.
Цифрлық терезені Орталық депозитарийдің есепке алу жүйесімен интеграциялау ұсынылған құжаттар негізінде шығарылымға халықаралық сәйкестендіру нөмірін беруге және бағалы қағаздарды олардың иелерінің шоттарына есепке алуға мүмкіндік береді. Бір мезгілде құжаттардың нысандары, шығарылым проспектілері, ақпаратты ашуға қойылатын талаптар және ұйымдар арасындағы өзара іс-қимыл тәртібі біріздендірілетін болады.
Ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл бойынша рәсімдерді қоса алғанда, эмитентті тексеру бір рет жүргізіледі, ал оның нәтижелерін процестің барлық қатысушылары пайдалана алады. Орталық депозитарийге құжаттарды қабылдау және алдын ала тексеру, сондай-ақ облигациялық бағдарламалар шеңберінде облигациялар шығарылымдарын тіркеу бойынша функцияларды кезең-кезеңімен беру көзделеді.
Бағалы қағаздар шығарылымына қойылатын талаптар орналастыру түрі мен көлемін, инвесторлар санатын және эмитенттің ашық нарықтағы тәжірибесін ескере отырып сараланатын болады. Кәсіби инвесторлардың шектеулі тобына арналған облигациялар үшін құжаттардың қысқартылған жиынтығы көзделетін болады. Шағын және орта шығарылымдар үшін он бестен көп емес, бес негізгі бөлімнен тұратын жеңілдетілген проспект енгізу ұсынылады. Біліктілігі жоқ инвесторлар арасында жария орналастыру кезінде ақпаратты ашуға және олардың мүдделерін қорғауға қойылатын толық талаптар сақталады.
Жаңа тәртіп IPO дайындауды шамамен үш-бес айға, ал облигациялардың толық шығарылым циклін үш-алты айдан бір-екі айға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл эмитенттердің шығстарын азайтады және қор нарығын жаңа компаниялар үшін қолжетімді етеді деп күтілуде.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/press/news/details/1284241?lang=ru

Жауап қалдыру