Қарағандыда әлем чемпионатында топ жарған дзюдошыларға құрмет көрсетілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қарағандылық дзюдошылар әлем чемпионатында ел қоржынына екі медаль салды. Эквадордың Гуаякиль қаласында өткен дүбірлі додаға 59 елден 457 кадет қатысып, Қазақстан құрамасы әлем біріншіліктеріндегі ел тарихындағы ең үздік нәтижесіне қол жеткізді. Ұлттық құраманың бұл табысына қарағандылық спортшылар Әділжан Жаудінов пен Бекәлі Еркен де елеулі үлес қосты. Әділжан Жаудінов алтыннан алқа тақса, Бекәлі Еркен қола медаль иеленді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді, сондай-ақ олардың жаттықтырушыларын облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қабылдады.

— Бұл әлем чемпионатында сіздер мықты қарсыластармен белдесіп, қайсарлықтарыңызды, төзімдеріңіз бен жеңіске деген жігерлеріңізді таныта білдіңіздер. Бұл нәтиже — спортшылардың жеке жетістігі ғана емес, жаттықтырушылардың және спортты күн сайын қолдап, дамытуға атсалысып жүрген барша маманның табанды еңбегінің жемісі. Сіздерді жеңістеріңізбен құттықтаймын! Алдағы жарыстарда сәттілік, жаңа медальдар және спорттағы ең биік белестерді бағындыруды тілеймін. Алда өңірімізді ғана емес, күллі Қазақстанды қуантатын талай жарқын дода мен жеңіс бар екеніне сенімдімін, — деді өңір басшысы.

Әлем чемпионатындағы жоғары жетістіктері үшін спортшыларға автокөлік сыйға тартылып, ал олардың жаттықтырушыларына ақшалай сертификаттар табысталды.

Теміртаудағы облыстық мамандандырылған «Жас сұңқар» балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі Әділжан Жаудінов 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанды. Дзюдомен жеті жылдан бері айналысып келе жатқан спортшы Алмас Нәсіпберліновтің жетекшілігімен жаттығады. Биылдың өзінде ол Анталья, Гянджа және Бельско-Бяла қалаларында өткен кадеттер арасындағы Еуропа кубогінің үш кезеңінде жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Әлем чемпионатында Әділжан Жаудінов Қазақстан құрамасының капитаны атанды. Ол команданың жалпы жеңісіне елеулі үлес қосып, жекелей сында да, командалық есепте де алтын медаль жеңіп алды.

— Біз жарысқа ұзақ уақыт бойы көп күш салып, тыңғылықты дайындалдық. Төрт белдесудің ішінде ең қиыны — екіншісі болды. Ол кезде Бразилиядан келген қарсыласпен белдестім. Финалда ресейлік Абдулманаф Рамазановпен кездестім. Әрине, нәтижеме көңілім толады. Маған сеніп, қолдау көрсеткен барша жанға алғыс айтамын. Қазір аздап тынығып аламын да, кейін жаттықтырушыммен бірге дайындықты жалғастырамыз, — дейді Әділжан Жаудінов.

Шет ауданының Ақадыр кентіндегі балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі Бекәлі Еркен 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола жүлдеге ие болды. Ол дзюдомен тоғыз жылдан бері айналысып келеді және Ерсайын Омаровтан тәлім алады. Бекәлі — түрлі деңгейдегі жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы әрі жүлдегері. Биыл ол кадеттер арасындағы Еуропа кубогінде алтын медаль иеленді.

— Жарыс жоғары деңгейде өтті. Турнир алдында Ташкентте оқу-жаттығу жиынында болдық. Одан кейін Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында дайындалдық. Барлық кезең ойдағыдай өтті. Әлем чемпионатында уақыт айырмашылығына байланысты жергілікті уақытқа бейімделу оңай болған жоқ. Алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындыруға ұмтыламын, — деді спортшы.

Бекәлі Еркеннің жаттықтырушысы Ерсайын Омаров шәкіртінің жарыста бар күшін салып, соңына дейін күрескенін атап өтті.

— Оның жүлдеге ие болатынына сенімді болдым. Тек бір белдесуде салмақ мәселесіне байланысты қарсыласына аздап басымдық беруге тура келді. Бекәлі 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті, ал өзінің салмағы — 69 келі. Енді салмақ қосып, алдағы жарыстарға тыңғылықты дайындаламыз, жаттығу қарқынын күшейтеміз, — деді жаттықтырушы.

Бүгінде өңірде дзюдомен 8,5 мыңнан астам адам айналысады. Оларға 91 жаттықтырушы-оқытушы тәлім береді. Жекпе-жек өнерінің бұл түрі облыстағы ең танымал спорт бағыттарының бірі болып қала береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1284290?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді