
Қазақстанда тұрғын үй қорын ауқымды түгендеу жұмыстары басталады
Қазақстанда тұрғын үй қорын ауқымды түгендеу жұмыстары басталады. Еліміздегі барлық көппәтерлі тұрғын үйлер мекенжайы, қабат саны, пәтерлер мен тұрғын емес үй-жайлардың саны, үйдің техникалық жай-күйі, лифтілер мен есепке алу құралдары туралы мәліметтерді қамтитын бірыңғай тізілімге енгізіледі.
Бұл жұмыс «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның талаптарын орындау, сондай-ақ «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында және тұрғын үйлерді күрделі жөндеу мен техникалық тексеруден өткізу жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды жоспарлау мақсатында жүргізіледі.
Түгендеу жұмыстары «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 2-бабында белгіленген көппәтерлі тұрғын үй анықтамасына сәйкес келетін барлық ғимараттарды қамтиды. Яғни, жалпы ортақ мүлкі бар және екі немесе одан да көп пәтерден немесе тұрғын емес үй-жайдан тұратын жеке тұрған ғимараттардың барлығы есепке алынады.
Үйлер олардың қабат санына, меншік иелерінің санына, кондоминиум объектісінің тіркелуіне немесе басқару нысанының таңдалуына қарамастан түгендеуге жатады. Оның ішінде ауылдық елді мекендердегі екі және төрт пәтерлі үйлер, сондай-ақ басқару нысаны әлі анықталмаған тұрғын үйлер де қамтылады.
Әрбір тұрғын үйге тізілімде бірыңғай сәйкестендіру коды — мекенжайдың тіркеу коды (МТК) беріледі. Осы код арқылы үй туралы басқа ақпарат көздерінен алынған мәліметтер біріктіріледі. Оларға ғимараттың техникалық сипаттамалары, сандық және сапалық көрсеткіштері, үй-жайлар туралы ақпарат, басқару нысаны, лифтілердің жай-күйі, инженерлік желілерге қосылуы және есепке алу құралдарының болуы туралы мәліметтер жатады.
Мәліметтерді ұсыну тәртібі тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы ақпаратты қалыптастыру, өңдеу, орталықтандырылған жинау және сақтау қағидаларымен белгіленген.
Аталған қағидаларға сәйкес қажетті ақпаратты жергілікті атқарушы органдар, табиғи монополиялар субъектілері, мүлік иелерінің бірлестіктері (МИБ), мүлік иелерінің кооперативтері (МИК), сондай-ақ өзге де басқару субъектілері ұсынуға міндетті.
Түгендеу барысында тұрғын үй иелерінің дербес деректері жиналмайды. Атап айтқанда, меншік иелерінің тегі, аты-жөні, жеке сәйкестендіру нөмірлері, құқық белгілейтін құжаттары және берешегі туралы мәліметтер жинақталмайды.
Бірыңғай тізілім не береді?
Тұрғын үй қорының бірыңғай тізілімін қалыптастыру:
* күрделі жөндеуді қажет ететін үйлер мен лифтілерді ауыстыруға жататын нысандардың нақты тізімін жасауға;
* үйлердің есепке алу құралдарымен нақты қамтамасыз етілу деңгейін анықтауға;
* өңірлердің инженерлік-коммуналдық желілерін жаңғыртуға деген қажеттілігін нақты деректер негізінде есептеуге;
* коммуналдық қызметтер үшін төлем түбіртектеріндегі есептеулердің дұрыстығын қамтамасыз етуге;
* МИК, МИБ, басқарушы компаниялар мен өзге де басқару субъектілерінің жұмысын және атқарушылық құжаттаманы жүргізу тәртібін жетілдіруге мүмкіндік береді.
Мәліметтерді жинау жұмыстарын облыстардың әкімдіктері аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың тұрғын үй инспекциялары арқылы ұйымдастырады.
Түгендеу барысында қолданылатын хабарламалар мен жұмыс нысандары мүлік иелерінің бірлестіктеріне, тікелей бірлесіп басқару нысанындағы үйлердің өкілдеріне, басқару субъектілеріне және коммуналдық қызметтерді жеткізушілерге жолданады.
Осылайша, тұрғын үй қоры туралы бірыңғай әрі нақты деректер базасын қалыптастыру тұрғын үйлердің техникалық жай-күйін жүйелі түрде бағалауға, жөндеу және жаңғырту жұмыстарын тиімді жоспарлауға, сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы басқару сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-eskeldy/press/news/details/1284550?lang=ru

Жауап қалдыру